Құрманбай Еспенбетов

4-9%d1%8512-%d0%bf%d0%b5%d1%80Подполковник МВД в отставке, начал писать на пенсии очерки, короткие рассказы, сценарии и т.д. Первая книга-роман “Күреңбел қасіреті” была издана в г. Астана в 2013 году и в конкурсе 2015 года заняла 3 место на международном конкурсе. Второе большое произведение, представленное на конкурс “МАХАББАТҚА ҚИЯНАТ” посвящено памяти людей,чьи судьбы исковеркала Великая Отечественная Война 1941-1945 гг. События основаны на реальных событиях, основная история о жизни человека, не сумевшего исправить ошибку, совершенную в молодости.

The Colonel of the Ministry of internal Affairs in resignation, he began to write in retirement essays, short stories, scripts, etc… the First book-the novel “The tragedy of Coronbel” was published in Astana in 2013 and the 2015 contest took the 3rd place at the international competition. The second major work submitted for the contest “Love and Punishment” dedicated to the memory of people whose lives were crippled by the Great Patriotic War of 1941-1945 Events based on real events, the basic story about the life of a man who failed to correct the mistake made in his youth.


Роман “МАХАББАТҚА ҚИЯНАТ”

Отрывок

Бұл кітаптағы жазылғандар ойша жоспарланып біреуді даттауға немесе мақтауға құрастырылған шығарма емес, шын өмірде орын алған оқиғалардың көріністері. Белгілі себептермен кейбір кейіпкерлердің аты-жөнін өзгерткенімді ескерткім келеді.

Адамзат жаратылғаннан алуан түрлі сезімнің иесі болғаны белгілі. Үрей, қорқыныш, реніш, қуаныш, шаттық санай берсең жалғаса беретіні сөзсіз. Кез келген жан үшін сезімдердің ішіндегі ерекше дарасы, асқар биігі сүйіспеншілік – махаббат екені даусыз. Жігіт пен арудың сезімдерінің екі жақтан тең дәрежеге жеткенде шынайы махаббаттың шыңына шығатыны да анық.

Жазылған жайлармен танысқанда, ұзақ уақыт адал сезімдерінен айнымаған адамдар туралы мағлұмат аласыздар. Итжеккенде айдауда жүрген сүйіктісімен он бес жыл өткенде қауышып қандала қаптаған қарағай үйшіктегі жалғыз темір төсекте жатып, өткізген жеті жылдай уақытын бақытты санаған анамен танысасыз.

Екі жастың сезімдері махаббатқа айналғанымен ертегідегідей әрдайым сәтті аяқталып, бақытқа ұласа бермейді. Өмірдің ақ қағаздай таза бұлақ суындай мөлдір еместігі керісінше бұралаң соқпақтары көп, кеудеңнен кері итерер кедергісі алдыңнан шығып, кей кездерде қайғы мұңға салатыны да болады. Осындай қиындықтарды жасандылықпен ұйымдастыратын, істеген әрекетіне селт етіп, секемденбейтін көкірегі арамдыққа толы, әйелдерді кітапті оқыған адам жақын біле түседі. Оқиғалардың негізгі арқауы қулықтары басынан асқан әзәзілдің арбауына тап болып, алданған жандардың өмірі жайлы. Қия басып қателескен жастардың сара жолдан адасып, бір біріне жете алмай азап шегіп, өкінішпен күн кешетіні белгілі. Енді тақырыптың неліктен «Махаббатқа қиянат» болып таңдалуын түсіндіріп жату артық болар.

Кейіпкерлердің іс-әрекетін, мінез-құлқын саралап, талдау жасау, қорытынды шығарып баға беру, құрметті оқырман сіздердің еншіңізде.

Кітапты оқығандар, әсіресе жастар өздеріне алдарында өткендердің өмірінен аз да болса тағлым тәрбие алып, солардың жіберген қателіктерін, кемшіліктерін қайталамаса, менің мақсатымның орындалғаны деп білемін.

 

Бірінші бөлім

Махаббатқа қиянат

1937 жылдың қазан айының соңғы күні. Күз болғанымен шақырайған күннің ыстығынан ауа әлі де қапырық. Ташкенттегі университетінің алдындағы алаңның шетіндегі ағаштың көлеңкесіне қойылған орындыққа ұзын бойлы, қара сұр, қыр мұрынды, бүркіттікендей өткір көзді, сырттай қарағанда сұсты, қазақ жігіті келіп отырып, жаңа ғана Алматыдан өзіне келген хатты ашты. Оны әкесінің жақын танысының жазғанын білгенде хабарласу себебін түсінгісі келіп, асығып аптығып хатты оқуын жалғастырды. Бір парақ қағаздағы жазудың орта тұсынан асқанда әкесіне халық жауы айыбы тағылып, сотталып кеткенін, артынша басына түскен қайғы қасіретке шыдамай шешесінің қайтыс болғанын ұққанда, жігіттің көздері қарауытып, қағаз бетіндегі әріптер секіріп жүргендей сезініп, соңынан бұлыңғыр тұманның арасына кіріп жасырынғандай көрінбей кеткенде көз жасы қағазға тамшылады. Қалтасынан орамалын алып, бетін сүртіп, сенер сенбесін білмей, жазуды қайталап оқып, ойланып басын ұстады. Өзі екі жарым ай бұрын Алматыдан келгелі бері үйінен хабар алмай қалған себебін айқындағандай болды. Хабар соңында әкесінің жақын уақытта Алматыға келмеуін өтінген, баласына ақырғы сәлемі айтылыпты. Хат жолдаған адам: «Түпкілікті Ташкентте қалған жөн болар», деген өз ойын қосып жазыпты. Жігіт қолындағы қағазды бірнеше рет оқып, есін білгелі әкесінің халық жауы болатындай елге қарсы ешқандай әрекет жасамағанын,  Кеңес үкіметіне жан тәнімен беріліп қалытқысыз қызмет атқарғанын ойлағанда, жазықсыз жапа шегуінің себебін түсіне алмады. Не үшін, қандай кінәсі бар еді, деген сұрақтар көкейінде тұрып алып көз жасына тағы да ерік бергеннен басқа шарасы болмады. Қолына хатты ұстап жалғыз жылап отырған жігіт жоғарыда аталған университеттің соңғы курсысының студенті Нұрмет болатын.

Әкесіне байланысты басына келген сұрақтардың жауабын таба алмай ойланумен талай уақыттың өтіп кеткенін байқамады, жанынан әрі бері жүрген адамдарға да көңіл аудармады.

– Қосымша сабаққа бармаймыз ба? Уақыт болды ғой, деген дауысты естігенде ол басын көтеріп жанында тұрған курстасы Исламды көріп қалың ойдың құшағынан шыққандай болды, бірақ үндемеді. Жылап отырғанын байқаған Ислам:

– Неге көздерің жасқа толы, жаман хабар алғасың ба? – деді. Нұрмет қолындағы хатты көрсетіп:

– Әкемді соттап жіберіпті, анам қайтыс болыпты, – деп жылауын жалғастырды. Ислам оны құшақтап:

– Студенттік өмірімдегі досымсың, ешнәрсеге мойымайтын, қиындыққа жасымайтын рухы берік жан ретінде сені үлгі тұтып, өзіңе еліктеуші едім қайғыға батқан мына түріңді көріп менде қиналып тұрмын. Қаза қайырлы болсын әкеңді анық қанығын тексеріп босатар, – деді.

– Ташкентте өзіңнен басқа жақын адамымның жоғын білесің. Жаным күйзеліп тұрғанда жылы лебізіңе рақмет, сен айтқандай әкемді босатқанын тілеймін, тек қазіргі таңда қамалғандардың ілуде біреуі ғана құтылады. Жүрегімді қорқыныш билеп тұр, – деді Нұрмет.

– Айтқаныңның жаны бар, оған келісем. Істің ақырын күткеннен басқа амалың жоқ екені де анық. Бүгін қосымша сабақ неміс тілінен ғой, үлгеріміміз өте жақсы оған қатыспай- ақ қояйық қатты қиналып отырғаныңда сені жалғыз қалдырып кете алмаймын. Жүр біздің үйге барайық, – деді Ислам. Нұрмет қолындағы хатты бүктеп қалтасына салды. Орамалымен көздерін сүртіп досына бір қарап, орнынан тұрып, баяу қозғалып Оған ілесті. Ислам болса досының қайғысын жеңілдету мақсатымен әр түрлі әңгіменің басын шалды. Тыңдаған Нұрмет болмай өз ойымен өзі болды. Биік дуалмен қоршаған үйдің қақпасының алдына келгенде ұйқыдан түс көріп болып оянғандай Исламға қарады. Сонда ғана жол бойы айтқан сөздерінің далаға кеткенін байқаған Ислам:

– Мені тыңдамағандайсың, өз өзіңмен тұйықталмай, сырыңды ішіңде сақтамай, ашылсаңшы. Осында келгенше ойлағаныңды сыртқа шығар, – деді.

– Ата-анамнан басқа кімді есіме алуым мүмкін. Ойымдағыны айтпасам да түсінікті емес па? – деп ол үнсіз қалды. Досын сөзге тартқысы келіп Ислам:

– Әкеңнің істеген жұмыстары туралы болса да бөліссеңші, – деді. Нұрмет әңгімені басқа арнаға бұрғысы келіп:

– Саған келіп жүріп сұрамаппын мына үйде көптен бері тұрасыңдар ма? – деп аузына түскен сұрақты айта салды.

– Көшіп келгенімізге алты жылдай өтті, бұл үйді әкемнің інісі сатып әперген. Орталықтан шеткері болғанмен бау-бақшасы мол, бұрынғы тұрағымыз біз оқитын жерге жақын болатын. Әкемнің інісі Кеңес үкіметі орнағаннан көп қудалауға түсті. Бауырының қиналмағанын ойлаған болу керек орталықтағы үйді сатқызып жіберді, өзінің шыдамы таусылып бір түнде Түркияға қашып кетті. Хабар-ошарсыз қалдық.Соңғы кездері сыбыстар тарап, ағамның Германияда тұратыны жөнінде өсек-аяң естіліп қалып жүр. Мен сол ағайыма баруды армандаймын, неміс тілінің қосымша сабағына баруымның сырын енді түсінген шығарсың, – деді.

– Іздейтін ағайыңның бары жақсы екен. Мына жарық дүниеде әкемнен басқа сұрайтын да іздейтін де жақыным жоқ. Құрып кетсінші неміс тілі тұрмақ орыс тілі де енді білімді математик болу арманымның орындалуы неғайбыл. Артымнан келер көмек болмайды жатын орынға төлейтін ақшам бітті, оқуды тастап жұмыс істемесем басқа амалым табыла қоймас, – деді Нұрмет.

– Асығыс шешім қабылдама әкеммен сөйлесіп көрейін мүмкін біздің үйде тұрарсың, оқудың аяқталуына бір жылға жетпейтін уақыт қалды. Өткенде бір жылға «биттің қабығы да шыдайды» деген қазақтың мақалын айтып едің -, деп Ислам езу тартты.

– Жатын орынның мәселесі шешілгенмен, тамақ ішуге жүріп тұруға қаражат керек, – деді Нұрмет.

– Біздің үйде тұруға әкем қарсылық білдірмесе болғаны нан ұрлап берсем де өзіңді аш қалдырмаспын. Басқа да жолдарын ойластырамыз, таныс наубайханашы бар түнделетіп сонда жұмыс істерсің. Қазір әкеммен кездескенде таза өзбек тілінде сөйлесуге тырыс, сонда ғана жатын орын мәселесі оң шешімін табады. Өз тілінде сөйлеген басқа ұлттың адамдарын әкемнің жақсы көріп,құшақ жая қарсы алатынын талай көрдің емес па? – деп Ислам сұраулы кейіппен досына қарады.

– Менің басқа тілдерге қабілетімді білесің бірінші курста жүргенде-ақ өзбекше үйреніп алдым ғой. Тіпті тәжікше гөпір десе де жауап бере алам. Сөйлесуден кемшілік бола қоймайды.

– Жүр кірейік, әңгімемен қақпа алдында тұрып қалыппыз. Олар үйге кіріп шай ішіп болғанда Исламның әкесі базардан келді. Жастар үлкен кісіге құрмет көрсетіп орындарынан тұрды, Нұрмет сәлем берді. Ислам әкесіне досының қиын жағдайда қалғанын баяндап оқуын бітіргенше оның үйлерінде тұруын сұрады. Әкесі баласының ұсынысына қарсылық білдірмеді, керісінше анда санда бос кездерінде бақша өнімдерін жинауға адам күшінің көбейетініне қуанды. Нұрмет жатын орын тапқаннан кейін жетісіне үш рет түнделетіп наубайханада жұмыс істеді. Бос кездерінде темір жол вокзалына барып, жолаушылардың жүгін көтерісіп тиын-тебен тауып қаражаттан аса қиналмаудың амалын ойластырды, оқуын да нашарлатпады.

Бітпейтіндей көрінген соңғы курстың уақыты қалай тез өтіп кеткенін Нұрмет байқамай қалды. Ол қиналып қысылса да басына түскен қайғыға мойымай қызығы да шыжығы да мол студенттік өмірін аброймен аяқтап, 1938 жылдың жазында университетті үздік бітіріп, қосымша неміс тілінің курсын бітіргені жөнінде анықтама куәлік алып шықты.

Студенттер диплом алған күні кешкісін Исламның әкесі дастархан жайып оқу бітірген бір топ баласының жора-жолдастарын шақырып сый құрмет көрсетті.Түн ортасынан асқанша жиналғандар ән айтып, би билеп кешті көңілді өткізіп тарасты. Жеке қалғандарында Ислам Нұрметтің иығына қолын салып:

– Білімді математик болу арманыңа жеттің, диплом алдың, – деді.

– Диплом алуға сенің айтқан ақылыңның көрсеткен көмегіңнің қамқорлығыңның септігі тигені сөзсіз. Саған, әкеңе, анаңа көп алғыс. Бірақ менің білімді математик болғым келген арманым толық орындалған жоқ. Москваның университетіне барып аспирантураға түсуді алдыма мақсат етіп қойған едім. Ендігі жерде ол қиял ғана болып қалмақ. Осы жеткеніме қанағаттанып шүкір деуге тура келеді, – деді Нұрымет.

– Әрине сенің біліміңмен Москвада оқу қиынға соқпайтыны түсінікті, алайда өмір сүру Ташкентке қарағанда ауыр екені рас. Келешекке қандай жоспар құрдың? – деп Ислам оған қимастай ерекше сезіммен қарады.

– Бірінші кезекте Алматыға барып әкемнің қалын білемін,қалғанын соңынан көре жатармын, – деп Нұрмет есіне әкесін алғанда жылағысы келді, бірақ тістеніп көзінен жас шығармады.

– Әкемнің інісінің Германияда тұратынын айтқаным есіңде шығар. Жақында хабар алдым. Күзге таман, егер мен барғым келсе, ол жаққа өтіп кетуге жағдай жасайтынын жеткізді. Алматыда жағдайың болмай, тұйыққа тірелетін күн туса хабарлас, Германияға бірге кетеміз. Тіл білеміз, бізге шет елде қиындық болмайды, – деді Ислам. Досының жанарларының  түкпірінде қандай сырдың жатқанын ұққандай болған Нұрмет:

– Өзің білесің әкемнің қамауда отырғанын. Оны қалдырып басыма қандай қиындық түссе де шет елге бармаймын. Ұсынысыңа рақмет, -деді.

– Айтуыңа қарағанда әкең қарапайым мұғалім. Не үшін халық жауы болып айыпталуын түсіне алмадым. Менің ағайым сияқты бай да болмаған, – деді Ислам.

– Біздің тұрғылықты жеріміз орталық Қазақстан. Алматы астана болғаннан кейін оны республикада лауазымды қызмет істейтін ескі танысы жұмысқа шақырыпты жаңа құрылған колхоз-совхоздарға мектеп ашуға олардың жұмысын ұйымдастыруға қатынастырды. Кейінгі кезде мектепте істейтін. Алдында өзін Алматыға шақырған кісі ұсталып кеткен. Сол адаммен жақын болғанына айыптаған болар, деп күдіктенем халық жауы болатындай әкемнің бүлдіріп қойған қылмысының жоғына имандай сенем,- деді Нұрмет.

– Әкеңнің аман құтылуына тілектеспін. Басқа әңгіме айтайық, – деді Ислам. Екеуі қысыр әңгімелер айтып, студент кездеріндегі оқиғаларды сөз жасап таңды көз ілмей атырды. Нұрмет Алматыға қайтуға жолға дайындалды.

Ертеңіне жүктерін көтерісіп келіп темір жол вокзалында оны шығарып салып тұрып Ислам:

– Айтқанымды ұмытпа, қиналсаң менімен байланысқа шық, – деді.

– Жарайды, – деп Нұрмет вагонға кірді.

– Кездескенше, – деп Ислам қала берді. Бірақ екеуінің кездесу кездеспеуі әзірше белгісіз еді. Нұрмет отырған пойыз Қазақстанды бетке алып жүріп кетті.

Очень плохоПлохоУдовлетворительноХорошоОтлично (45 голосов, средний бал: 4,29 из 5)
Загрузка...