Қара бала

unnamedМен аудармамен айналысамын              

Эссе Əңгіме "Жездемнің концерті"

Кеше, Талдықорған қаласынан кезінде бірге оқыған группаласым хабарласып, Алматыға жолы түсіп келе жатқандығын айтқанды. Бізбен Алматыда екі жыл қатар оқып, кейін туған қаласы  Талдықорғанға отбасының жағдайымен ауысып кеткен болатын. Жақында, үйленетін болғаннан кейін, той көйлегін Алматыдан алмақшы екен. Жүрегім ауызыма тығылардай қуанып, жолдан күтіп алуға бел байладым. Кездесетін сәтте туды. «Пай-пай, кезінде жігіттердің арманы болған сылқым, сырбаз Әйгерім келе жатыр» деп, кезінде бірге жүрген құрбымыз Шынарды қасыма ілестіріп алғанмын. Міне, жан досымыз мінген көлікте межелеген жерге келді. Ішінен бетінің барлығын әжім мен безеу басқан, жұпыны киінген бір қазақ қызы түсіп, бізге қарай беттеп келе жатыр. Шынар екеуіміз «бұл біздің Әйгерім бе?» деген кейіппен бір-бірімізге қарадық. Йә, Әйгерімді көріп, кезінде менің әпкемнің өмірі көз алдыма оралды... *    *    * Күз. 2000-жылдардың кезі. Далада күздің қара жаңбыры төгіп тұрды. Кенет есіктен әпкем көк чемоданын ұстап, үйге кіріп келді. Үсті-басының барлығын жаңбыр суымен малмандай су болған, салы суға кетіп, басы салбыраған күйінде есік ауызында тұр. Бұл көрініс менің есімде мәңгі сақталатын шығар. Анам байғұс қызының неліктен мұндай халге түскендігін сұрап әлек. Сөйсем, әпкемді күйеуі таяқтың астына алып, үйінен қуып шығыпты. Себебі, күйеуінің ащы суға тәуелділігі болатын-ды. Анам, «үйіңе кешке жақын қайта барасың. Қанішер болсада, ол сенің күйеуің, Құдай қосқан қоағың. Артыңдағы үш балаңды ойла» деп анам әпкемді барынша қайрап, жұбатуда. Ол кезед, қыз үйіне қайта келуі әулеттің абыройына сын алып келетін. Ал, қазір үйленіп алып, екі айда болмай жатып ажырасып кетеді... Содан әпкем кешке жақын үйіне қайта кетті. Әпкем достары мен ауыл адамдарының айтуынша кезінде жігіттердің арманы болған, сыртқы келбеті мен ішкі жан дүниесі үйлесім тапқан көрікті ару қыз болған екен. Жігіттер үйге бірінен соң бірі сөз айттырып келсе де әпкем ешқайсысына жігіт құрлы қарамаған екен. Йә, енді міне, таңдаған тазға жолығар демекші, таңдап алған жігітінің түр-келбеті анау. Ұсқынсыз, арақ десе жанын берер қорқау біреу. Ішсе іше берсін, тек әпкемді соққының астына алатындығы... Жә, жездемнің «концертін» көп көрдік. Үйіне қонған күні қолына суық қаруды алып, әпкемді соққының астына алып, бізді «көргендеріңді үйдегілеріңе айтушы болмаңдар» деп қорқытатындығы, қыста жалаң аяқ, жалаң бұт әпкемді далаға қуып жіберетіндігі бәрі, бәрі есімде. Ажырасып кетейін десе, артындағы үш баласын ойлап, қорлыққа көне беретін. Соңғы кездегі жағдайларды айтайын. Күйеуінің «концертінен» әпкемнің денсаулығы болмай қалды. Ауырып, сырқамайтын жері жоқ. Жезденің ащы суды тастағанына бес жылдың жүзі болып қалды. Бірақ, сау кездің өзінде де әпкеме көрсеткен қорлығы қаншама десеңізші... Балалары ер жетіп, қызын қияға қондырып, ұлын ұясында ұстап отыр. Жездем қазір әпкеме қол көтеруге шамасы да жоқ. «Концертін» қоюға әрекет жасаса, ұлы әкесіне қарсы тұрып, анасына қол көтеруіне мұрсат бермейді. Оның бары да, жоғы да қазір байқалмайды. Ертелі кеш төсегінде дөмбекшіп, ұялас күшіктерше жатқаннан басқа істейтін ісі жоқ. Кейінгі кезде, жездемнің күйі осындай... *   *   * Міне, Әйгерімнің де басынан осындай жағдай өтпекші. Жігіті үйленбей жатып, оны соққының астына алады екен. Жылап, шерін біраз бізге ақтарып алды. Бетіндегі өрнектер де соның салдарынан екен. Жалпы, Әйгерімнің отбасы Талдықорған қаласына танымал бизнесмендер әулетінен шыққан, беделді, ауқатты  әулет. Бірақ, ата-анасының қарсылығына қарамастан таңдаған жігітінің түрі анау. Біз де оған қолымыздан келгенімізше оған ақылымызды айтып бақтық. Үйлен бе десек, оны жақсы көретінін айтады.Үйленсе, менің жездемнің «концертіндей» жағдайларды көп көретіндігін айттым. Бірақ, қыздың беті бері қарайтын түрі жоқ. Әліптің артын баққаннан басқа бізде амал да, шара да жоқ. Эх, махаббат не істетпейді... Очень плохоПлохоУдовлетворительноХорошоОтлично (Без рейтинга)
Загрузка...