Таласбек Асемкулов

Саиде4(1)Музыкант, двуязычный писатель-прозаик, киносценарист, журналист, исследователь мифологии, литературный и музыкальный критик, переводчик с русского на казахский, музыкальный мастер (изготовление домбр).

Аудиодиски выпускались в СССР (на всесоюзной студии Мелодия), в РК и во Франции.

Автор сценариев снятых на студии «Казахфильм» фильмов «Биржан-сал» (2009), «Кунанбай» (в настоящий момент постпродакшн, планируется презентовать весной 2015 г.).

Призы и награды: победитель конкурса Фонда Сорос-Казахстан "Современный казахстанский роман" (2003), призер Открытого республиканского конкурса сценариев полнометражных художественных фильмов МКИ РК (2009),  победитель "Международного конкурса сценариев по мотивам мифов, сказок и героических эпосов Центральной Азии и Кореи -2011" (Южная Корея) в номинации сценарный план.


  Роман Таласбека Асемкулова «Талтүс» - «Полдень» .Отрывок

  • Ата, қалай, қазір қару соғасыз ба?
  • Ой, қарағым-ай, — деді Ахметжан, — Соқсақ соққан шығармыз. Бірақ қазір өнеріміздің ең үлкені — киіз үйдің сүйегін жасау. Әне, қорада бірнешеуі тұр. Алып кетуіңе болады.
  • Киіз үй жасау — үлкен өнер, — деді Арслан — Аламыз. Артынан ақшасын салып жібереміз. Менің айтайын дегенім, баяғы теміршілік өнеріңізді неге еске түсірмеске.
  • Оны еске түсіріп қайтем, — Ахметжан ауыр қозғалақтады, — Оның кімге керегі бар қазір?
  • Бізге керек. Музейге керек.
  • Ол не, музей деген?
  • Ескі мүлікті сақтап, көрмеге қоятын жер. Атыңыз тарихта қалады. Ұрпағыңыз ұмытпайтын болады.
  • Сақтап қояды дейсің бе, — Ахметжан мұртын сылап үнсіз отырып қалды. Содан соң Сабытқа жымия қараған, — Әй, осы үкіметіңді түсінбей-ақ өтетін шығармын. Біресе қару жасаушы болма, басың кетеді дейді. Енді келеді де қару жаса, көрмеге қоямыз дейді. Қай сөзіне сенеміз сонда?
  • Ол қашан болған оқиға? — деді Арслан.
  • Сен тумай тұрғанда. Қызыл кәмәндірлер антқа келтіріп, енді қару жасамаймын деген қолхат алған.
  • Қызық екен, — Арслан ұстаның жүзіне ойлы көзін қадаған, — Ата, ол баяғыда болған нәрсе. Ол кезде қару жасай алатын адамдарды шынында да есепке алған. Қаншасы өлтірілген. Бірақ қазір жағдай басқа. Біз халық көретін көрме үшін сұрап отырмыз. Осыны түсініп алыңыз.

Ахметжан алдына келтірілген сорпаны сораптай ішіп үндемей отыра берді.

  • Бір үйдің сүйегін алайық. Содан соң, берсеңіз, мына қанжарыңызды алайық. Одан кейін, біз келесі жылы осы уақытта қайрылып соққанша екі қылыш соғып қойсаңыз. Баяғының нағыз алмас қылышын.
  • Көрмеге алмас қылыштың не керегі бар-ей, — Ахметжан қуақылана жымиған, — Бәрібір онымен ешкімді шаппайды екен. Кәдімгі темірді таптап, балдағына күміс жалатып бере салса болды емес пе.

Арслан күліп басын шайқады.

  • Жоқ, ондай қылыштың бізге керегі жоқ. Ондай қылыш біздің музейдің қоймасында үйіліп жатыр. Полицейлер беліне таққан “селедка”, европалықтар ұстаған, не істік екені, не басқа зат екені белгісіз шпага деп аталатын нәрсе, мылтыққа тағатын найза — толып жатыр. Бізге керегі баяғы қыпшақтың қара қылышы. Осы қолыңыздан келе ме?

Ахметжан желкесін уқалап үндемей қалды.

– Ата, сіз ойламаңыз, бәрінің ақшасы төленеді. — деді әйелдердің бірі, — Мысалы, мына қанжарыңыздың өзі сұмдық қымбат нәрсе. Ал Арслан айтып отырған қылышты жасасаңыз, ол тіптен қымбат болады.

– Басыңа үй тігіп, тағы бір рет төсек жаңғыртасың, — деді Сабыт қалжыңдап.

  • Ит қайтқанда ол ақшаның не керегі бар? — деді Ахметжан.
  • Сонымен қос қылышты соғасыз ғой? — Арслан ұстаның жүзіне үміттене қараған.

Ахметжан күрсінді.

  • Жарайды, көрейін. Ал, анау қорада тұрған бір үйдің сүйегін алыңдар. Бірақ мына қанжарды бере алмаймын. Өзіме деп соғып едім.

Қонақтар аттанып кеткеннен кейін, Ахметжан есіктің алдына киіз жайғызып, кеш батқанша отырды да қойды. Тек әбден қас қарайып Күлбағила шайға шақырғанда орнынан созалаңдай көтеріліп үйге кірген.

  • Апырай, мына балалар қайдағы-жайдағыны қозғап кетті ғой, — деді Сабытқа қарап. Жүзінде бір түрлі шарасыздық бар.
  • Е, несі бар, айтқанын істеп бер, — деді Сабыт, — Сенің киіз үйің қазір кімге керек. Елдің бәрі там үйде тұрады. Бірлі-жарым қойшылар сатып алмаса. Қайта ақша болады. Бар жыртығыңды бір-ақ бүтіндейсің.

Ахметжан бір түйір қантты тісімен күтірлете домалатып, шайды рахаттана сімірген. Шөлі қанып, дастарханнан ығысыңқырап отырғаннан кейін жаңа бір әңгіменің шетін шығарды.

  • Саба, бағанағы айтқаным еріккеннің әңгімесі емес. Менен шынында да ант алған, — Ошақтың отынан көз алмай недәуір уақыт үнсіз отырып қалды. Оттың ішіннен әлдебір өзіне ғана таныс бейнелерді көріп отырғандай.

— Баяғыда Арқада Әмзе, Кітапбай, Мүкамал деген кереметтер болған ғой, білесің, — деген одан кейін жадырап.

  • Мүкамалды қартайған кезінде көріп едім, —деді Сабыт, - Отқа күректі қыздырып алып тілімен жалағанда жұрттың тұра қашқаны әлі есімде.
  • Ойбой, ол бер жағы ғой, — Ахметжан қонышынан ұзындығы екі қарыстай мүйіз шақшасын алып өкшесіне тық-тық еткізіп ұрды. Күлбағила қолын созған. Ахметжан созулы алақанға бір шөкім күрең ұнтақтан салды.
  • Әйтеуір осыны қоймадыңдар ғой, — Сабыт Әжігерейге қарап көзін қысқан, — Одан да езіп ішпейсіңдер ме.
  • Насыбайдың не екенін сол насыбайды атқан адам ғана біледі. Ақан серіден әулие емес шығарсың. Бір әнінде айтады ғой, қағаз шай, ащы насыбай, ер арпасы деп, — Ахметжан насыбайды ернінің астына салып көзін жұмды.
  • Әне, мас болды, — деді Сабыт Әжігерейге.

Әжігерей күліп жіберді.

  • Мүкамалдың күрек жалағанын айтасың. Оны мен де істей алам. Ал мен саған айтайын, Кітапбайдың қызған темірді жалаңаш қолмен созғанын көргем. Нансаң да, нанбасаң да осы. — Ахметжан мандайынан шыққан терді көлдей орамалымен сүртіп тастады. — Түф, шіркін-ай. Иә. Ұсталыққа қырым бар екенін байқаған әкем, азынаулақ отарының ішінен бір іріңдей семіз қойды таңдап алып, мені қолымнан жетелеп Кітапбай дарханның үйіне ертіп барды. Әлі есімде, аң аулап келіп, демалып жатыр екен. Аздан соң алдымызға бір астау қаражігер қуырдақ келді. Киіктің етін бірінші рет жегенім сол. Содан ертесіне әкеммен қоштасып тұрып, «Жәке, қойыңды алып кет. Әуелі балаңның талабын көрейін. Болатын баланың маңдайы жарық болады» деді. Әкем, «ал, жарығым, ағаңның жанында бол, айтқанын екі етпе, адам боласың» деп ауылға қайтып кетті. Алғашында от үрлейтін жалынгер болдым. Балғашы болдым. Әрине, ауыр, қиын. Беліме, ені тура екі қарыс жалпақ, теріден сырып жасаған белдік кигізеді. Оның кереметін кейін түсіндім. Күні бойы балға соққанда белім бір рет шойрылып көрген емес. Жанына ертіп жүріп, жердің жайытын тануды үйретті. Ақырындап ұсталықтың сырына қаныға бастадым. Содан кейін суғарындыға қандай тұз, қай жердің топырағын қосу керек, осыларды үйретті. Кейіннен, ұсталықтың төртінші жылында, бір бұрау темір беріп, кәне, пышақ соқ деді. Көрікті өзі үрлеп отырды. Соққан пышағым нашар болды. Жетесі қисық, кері қарай қайқайып, жатаған қылыш құсап қалды. Кітапбай жарықтық пышақты қолына ұстап отырып, бар кем-кетігін айтып шықты. Келесі пышағым алдыңғысынан тәуір болды. Осылай жетіге бердім. Міне, бала ұста болғаныма он жылдан асқанда, дархан, менің талабыма әбден көзі жетсе керек, енді ең шытырман нәрселерді үйретті. Бұрынғы білгенім әншейін нәрсе екен. Таңғажайыптың көкесін сонда көрдім. Қызған темірге бір қарап жіберіп нәсілін ажыратады. Суғарудың небір сырлары бар. Осының бәріне қанықтым. Содан қылыш соғуға рұқсат берді. Алғашқы қылышты жасап, мүйізбен саптайын деп жатқанда, бере тұр, саптауға татитын нәрсе ме екен өзі, көрейік деп сабына шүберек орай салып далаға алып шықты. Есіктің алдында бір жуан қада бар еді. Соны қиғаштай шапқанда қылыш ортасынан қақ бөлінді. Ішім удай ашыды. Бір айдай әуреленіп, соққаным еді. Кітапбай, сынықтарды қолыма ұстатып, қылышың морт, тым қатты суғарып жібергенсің деп бұрылып жүре берді. Міне, осылай тәрбиелеген еді ғой. Қасиетіңнен айналайын, адамның абзалы еді ғой. Кейбір ұсталар алақол, ақысына келіспесе, қалай болса солай жасап бере салатын. Кітапбайда ондай мінез болмайтын. Ақысына не берсе де адал еңбек ететін. Өзім көрген бір қызықты айтайын. Қызыл жеңіп, жаңа өкімет орнағаннан кейін болған нәрсе. Өлерінен төрт жыл бұрын Аякөздің жанындағы Сергопылға көшіп барды ғой. Бір күні екеуміз келе жатқанбыз. Әбден қартайып, шау тартып қалған кезі ғой. Жұмысшылар бір көпестің ескі үйін бұзып жатыр екен. Біраз қарап тұрдық. Үйдің табанына құйған тас тұғырға темір шақ келетін емес. Қайла, сүймен, барлығы майысып, сынып жатыр. Сонда Кітапбай жарықтық, шыдай алмай кетіп, әкелші, анау саймандарыңды, түзеп берейін деді. Жұмысшылардың бастығы жанымызға келіп, мына кісі не деп тұр, сіздерге не керек деді. Білгенімше түсіндіріп, Кітапбайдың кім екенін ұғындырған болдым. Жаңағы орыс сеніңкіремей, жанымызға екі-үш адамды қосып жіберді. Кітапбай үйге келе сала отты жағып жіберіп, көрікті басып жіберіп, сүймендерінің, қайлаларының ұшын суғарып берді. Ертеңіне өтіп бара жатып көрдім, жұмысшылар тас тұғырдың быт-шытын шығарыпты.
  • Кәрі тарлан шыдай алмай кеткен ғой, — деді Сабыт, — Қанмен келген нәрсе, өлуші ме еді.
  • Иә, өлерінде тағы бір қанжар соғыпты. Сол мына қанжар еді, — Ахметжан беліндегі қанжарды қынымен қоса ағытып Сабыттың алдына тастай салды, — Бағана, әңгіме ұзап кетпесін деп, ана балаларға өзім соқтым дей салдым.

Сабыт қанжарды қынынан суырып алдына көлденең қойды. Қанжардың жүзі шамның жарығымен шағылысып ойнап тұр.

  • Көк мұз, — деді Сабыт, — Баяғыда, Жабағытай жарықтық, бір қызылдың әскерін сол иығынан тартып жүрегінің басына дейін шауып түсірген дейді ғой.
  • Күлбағила, тағы бір шыны құйшы, — Ахметжан кесесін жылжытты, — Кітапбай жарықтық баяғының ескі ұсталары аманаттап тығып кеткен темірдің ордаларын әр жерден қазып көрсетті. Содан бері қырық жылдай уақыт өтіпті. Қазір іздесем, таба алам ба, білмеймін.
  • Қызыл кәмәндірге қалай ант бергеніңді айтсайшы, әңгіме болсын, — Сабыт жамбастап ыңғайланып жатты, — Бізге енді әңгіме айтқаннан басқа не қалды.
  • Баяғы өзің жамбасың тесіліп жатқан Семейдің ақ түрмесі бар ма, сол түрмеде мен де жаттым ғой. Қайран қазағым-ай. Қолға түскен бір бандыдан менің қылышым табылған. Содан тергеген кезде азапқа шыдамай менің атымды атаған. Бір күні жайбарақат үйімде шайымды ішіп отырғам. Сау етіп бес әскер жетіп келсін. Ай-шайға қарамай алды да кетті. Әуелі Аякөздің абақтысына қамады. Ол кезде адамның құны көк тиын. Ауылда неге ата салмады, білмеймін. Одан әспеттеп Семейдің түрмесіне ауыстырды. Аякөзде неғып шаруамды бітіре салмады, оны да білмеймін. Пәленбай ай жаттым. Анда-санда ғана бір тергейді. Ұсталықты кімнен үйрендің дейді. Қашқындардың қайсысымен байланысың бар, Қытайдан хабар алып тұрасың ба дейді. Осылайша жата бердік. Бір күні түн ішінде алып шықты, трашпеңке арбаға салып алып жөнелді. Е, ажалым келген шығар деп иманымды үйірдім. Өзеннің жағасында тұрған бір үйге келдік. Ауласы кең екен. Кіріп-шығып қайшыласқан адам. Бәрі әскери киінген. Бір бөлмеге алып кірді. Жанында екі адамы бар қызыл кәмәндір отыр. Екі адамның біреуі қазақ, біреуі орыс. Кәмәндір бірдеңе деді. Жанындағы қазақ, сені сынықшы, емші дейді ғой. Мына бастығымыз соны білгісі келеді деді. Иә, аз-маз өнеріміз бар дедім. Біздің бір адамымыз ауырып жатыр, соны емдей аласың ба, деді кәмәндір. Көрейін, алдын-ала не айтайын дедім. Кәмәндір, төбеге жабатын қыш кірпішті көзімше шүберекке орап сыртынан балғамен бірнеше рет ұрып сындырды да, ал, олай болса, сенің қандай сынықшы екеніңді көрейін, осы сынықтың әрқайсысын өз орнына қойшы деді. Шүберектің орауын жазып, я, Алла деп іске кірістім. Сүт пісірімдей уақыт болғанда әрбір қиыршығына дейін орнына қойып шықтым. Кәмәндір риза болды. Жетелеп түкпірдегі бір бөлмеге алып кірді. Төсек үстінде белуарынан көрпеге оранған бір жас орыс жігіті жатыр. Қан-сөл жоқ, ерні шыт-шыт жарылып кеткен. Өте төмендеп кетіпті, бірақ маңдайына Әзірейіл әлі мөрін соқпаған. Бетін бері қаратуға болатын сияқты. Бұған не болған дедім. Кәмәндір көрпені сырып, өзің көр деді. Аяғынан оқ тиген екен, және бір емес, бірнеше жерінен. Сүйектің бәрі күл болып уатылып кеткен. Еті қарайған. Қаны бұзыла бастаған сияқты. Денесі от болып жанып жатыр. Емшілеріңіз қайда дедім. Қайдағы емші, халық жан-жаққа бытырап қашып кеткен, біреуді біреу біліп болмайды деді кәмәндір. Етінің қанша жері қарайған екен деп, иненің ұшын отқа күйдіріп алып сұққылап көрдім. Құдайға шүкір, тізеден аспапты. Сенің тірі болуың, осы адамның тірі болуына байланысты деді кәмәндір. Не сұрасаң да тауып беруге тырысамыз, тек емдеп шығарсаң болды деді...

Очень плохоПлохоУдовлетворительноХорошоОтлично (185 голосов, средний бал: 4,30 из 5)

Загрузка...