Момын

Бұлан Көлсайда 1С девятого класса сочиняю стихи и песню. Пишу дневники. Играю на домбре и пою свои песни и в том числе народные песни. Женатый, детей два у меня. По профессии юрист, но всегда работал журналистом: телеведущим, радиоведущим и корреспондентом газеты. На данный момент работаю корреспондентом республиканской газеты “Айкын”.

I write poems and songs and a diary from 12 years. I play dombra, sing folk and my songs. I’m married, have 2 children.
I am a lawyer by profession , but always worked as a journalist , broadcaster , radio broadcaster and correspondent. Now I am the correspondent of “Aikyn” republican newspaper.


Проза – “Өмір мен нөмір”

(отрывок)

Бегім күз бастан өтіп барады. Сары-күрең жапырағы төгіліп, жеміс-жидегі, көкөнісі ас та төк ақтарылған бай, салтанатты көшінің ізі суыған, елесі де есте жоқ. Жапырақтар өліп біткен. Шексіз үмітсіздік. Түнерген қара күз.Түнеу күні әкелерін жер қойнына беріп келген бұл үйдің ішіне де қара күз орнаған, суық та қараңғы. Шам жарығы мен пеш жылуын сезер адам жоқ. Қонақасын, жерлеуін атқарып болған ағайын-туыс, жора-жолдас үйді-үйіне қайтып, қазалы үй өзімен өзі қалғанда барып қайғының ауыртпалығын толық сезіне бастады…

Бұл үйдің отағасы өзінің қара еңбегіне сүйеніп, табан ақы, маңдай терімен бала-шағасының нәпақасын тауып жүрген жан-тын. Жары үш қыздан кейін ұл тауып, мәре-сәре күн кешіп жатқан үй еді. Кішкентайдың адам жүзін тани бастағанын, былдырлап тілі шыққанын, қаз-қаз басып жүргенін тамашалап, осы бақыт үшін аянбай тер төгіп жүрген кезі еді отағасының. Еңбекақысы дұрыс болмаған соң жұмысын тастап, астындағы жаман көлігіне сенім артып, такси болып көше кезді. Ұйқысын адалап, күн-түн демей такси болып, үйін де асырады, көлігін де жаңалады. Ендігі көлігі әрі жаңа, әрі жанармайға үнемді еді. Бұл кезде өзі де таксиліктің қыр-сырын әбден біліп алған болатын. Жұмыс күндері жұмысына асыққан жұртты ықшам аудандардан тасиды, демалыс күндері тапсырыс бойынша тұрақты клиенттерін әрі-бері жеткізіп, түнге қарай мейрамханалардың аузынан тойдан шыққан қауымды үйлеріне апарады. Табысын үшке бөлді: біріншісін көліктің жанармайы мен керек-жарағына арнады; екіншісін азық-түлік пен үйдің төлемдеріне; үшінші бөлігін болашаққа деп жинады. Қай кезде шығып, қай жерде жүру керектігін әбден біліп алған жігіт кәнігі таксиске айналды. Аңға шықса, қанжығасы бос қайтпайтын ауызы салымды аңшыдай болған Есеннің табысы еселене түсті. Ендігі жерде ол өзін таксис болу үшін жаралғандай сезінді. Инженерлік мамандық бойынша алған білімі керексіз күйде қалды. Кезіндегі Халық шаруашылығы институтының оқытушыларға арналған жатақханасында әке-көкелеп тұрып жүріп, жинаған ақшасы қажетті мөлшерге жетті-ау дегенде қала сыртынан жер сатып алып, үй салуға кірісіп кетті. Жанын жалдап, әупірімдеп жүріп қабырғасын қалқайтып, шатырын шошайтты. Қаңқасын тұрғызып, төбесін жабу жылдам аяқталғанымен, майда-шүйдесі бітпей қойып, қанша жерден асықса да өз үйіне екінші жаздың соңына қарай кірді. Кісі үйінде алаң көңіл күн кешкен отбасы өз үйі, өлең төсегінде уайымсыз ұйықтаудың ләззатын татып, жаны жадырады. Әбден орналасып, етек-жеңін жинап, үй ішін жайландырып алған соң басындағы баспанасымағынан қорынып бұрын емін-еркін араласа алмай жүрген ағайын-туыс, дос-жаранына өз шаңырағының дастарханынан дәм татқызуды жоспарлап жатты. Көңіліне қанат бітіп, ертеңіне деген сенімі күшейіп, еңсесі тіктеліп-ақ қалды. Отағасының үйді аяқтап, оған әйел, бала-шағасын көшіріп әкелгендегі олардың шаттығы өз алдына бір дүние, оны тек көру керек. Ал үй салыну үстінде болып, қаңырайып тұрған кезінде келіп көріп кеткенде олардың алдарынан шам жанғандай болып, ниетті алысқа жіберіп, әрбірі бұл үйге келгенде іске асыратын жоспарын айтып қауқылдасып қайтатын. Зарыға күткен сол күнге де жетіп, бір кезде ертегідей көрінген өз шаңырағы бақыттың ордасына айналып сала берген-тін. Ендігі қалғаны — отбасылық өмірдің қызығына қанып, жарық та жайдарлы күн кешу еді.

Ерте жесір қалып, осы бала үшін қайтып тұрмыс құрмаған анасының уайымға салынғанын көрген сәттерде ұлдан да, қыздан да жалғыз Есен «шешем қызығымды көрмесе, несіне ұл боп тудым» деп іштей кіжінетін. Сол кіжіністердің, қорғасыннан ауыр қам көңілдіктің бірі де қалмай, жанына жаз орнап, анасының, оның келіні мен немерелерінің екі арасында тәтті өмірді кешіп жүрді.

Біржола орналасып болғаннан бастап, аз да болса бір адамның өміріне татитындай он бес күн өткенде енді ғана басталған шат өмір шорт үзілді. Жарқырай жанып, қайта өшпестей көрінген шам лап етіп өшті де қалды.

Баспана мәселесі шешіліп, көңілі жайланған Есен көше кезуді қойып, ауыз толтырып айта алатындай бір қызметке тұруды ойлап та үлгерген. Құйрығы диірмен тартпаса да, қайсыбір қызметкерге бұйымтайын орындатуға пәрмені жететін ықпалды танысына бұл ойын жеткізіп қойып хабарын күтіп жүрді. Жалақысы төмен кезде мамандығына адалдық танытуға бойдақтығы мұрша беріп, инженерия саласынан кетпей қалған бұрынғы әріптесі еді ол. Бүгінде қалалық әкімдіктің әжептәуір шенеунігі. Есеннің таксис атауынан құтылып, қызметтің қызығын көрейін деген жоспары күрт бұзылды. Ағайын-туыс, жора-жолдасқа үй көрсетем, шешемді бір айтулы демалыс орынына жатқызам дегендей, басқа да ірілі-ұсақты жоспарлары жайына қалды. Аспан жақтың жоспары басқа екен.

Он алтыншы күн. Берекелі кәсібімен айналысып жүрген Есен қол көтеріп тұрған екі жігітке тоқтады. Олар алдымен Таусамалынан тағы екі жігітті мінгізіп алып, жоғарғы жолмен Ұзынағашқа жеткізіп салуын сұрады. Беретін ақысы көңілден шықты. Жолай айтқан екі жігітті мінгізіп, ары қарай жол тартқанда Есеннің жүрегі бір сұмдықты сезді. Не де болса ақырын күтейін деген ол аналардан оңаша тұсқа келгенде тоқта деген әмір алды. Орындамасқа лаж жоқ, аңдаса артындағысы алқымына кездік тақап тұр екен. Жол шетіне шығып тоқтай бергені сол еді сумаңдаған суық кездік мойыны мен иығы түйіскен тұсқа сылп-сылп етіп екі рет кіріп шықты.

Очень плохоПлохоУдовлетворительноХорошоОтлично (4 голосов, средний бал: 2,50 из 5)

Загрузка...