Еспенбетов Курманбай

4-9х12 перС малых лет собирал материал о жизни казахов в годы установления Советской власти в степи, конфискациях, голодоморе 20-30 гг. 20 века в Казахстане,репрессий и т.д. На основе реальных событий, собранных из уст очевидцев тех событий, оставшихся в живых и была написана книга. Некоторые персонажи книги - реальные люди, потомки которых живут и сейчас в этой местности. Произведение издано в 2013 году в г. Астана.


Күреңбел қасіреті

отрывок из романа

АЛҒЫ СӨЗ

Бұл кітапты бала кезімнен анамның замандастары айтқан әңгімелер негізінде жинақтаған естеліктердің желісімен жаздым. Оқиғалардың шындықтан алшақтап кетпеуі үшін болған жайдың куәгерлерінен бір емес, бірнеше рет қайтара сұрауға тура келді. Сондықтан да кітап өмірде шын болған оқиғалардың негізінде жазылды деп айта аламын.

Жазғандарым Кеңес өкіметінің алғашқы кезеңінде биліктегілердің жасаған әрекеттерінен қиындыққа тап болып, қыспаққа түскен Күреңбел халқының өмірі жайында. Осы аралықта тіршіліктің азабын тартып, қайғы жұтқан күреңбелдіктер ғана емес, бүкіл қазақ даласының адамдарының басына түскен нәубет болғаны айтпаса да түсінікті.

Өмір ақиқатын жазғаныммен, оқырмандардан кітапты деректер жиынтығы емес, көркем шығарма ретінде қабылдауын сұраймын. Себебі кейіпкерлердің көпшілігінің ат­тары өзгертілген, сол сияқты оқиғалардың болған уақыты мен өткен жерлерінде өзгерістер бар. Демек, ешкімге өз ата-әжелерін кейіпкерлердің ішінен іздеудің қажеті жоқ.

Осы кітапты жазудағы мақсатым – алдымызда өткен ата-әжелеріміздің басынан өткендерін жаңа өсіп келе жатқан жастарға жеткізіп, олардың әрқайсысының қазақтар үшін аспаннан түскендей болған егемендігіміздің беки түсуіне үлестерін қосуға әсер ете алсам деген ой ғана.

Өскелең ұрпаққа кітабымның теңізге тамған тамшыдай әсері болса, менің үмітімнің ақталғаны деп білем.

Автор     Өткеннен сабақ алмаған Фәниге келген әрбір жан Шаладай болып қалады Тұтанып алып жанбаған. Көгіңді бұлты торлаған Өтіпті талай зар заман. Көмусіз қалып мәйіті Жетім мен жесір зарлаған. Төзімді неткен қазағым, Аз емес тартқан азабың. Тізгінді жатқа беріп ап, Көрдің-ау тірлік тозағын. Күреңбел – Жетісудың бір пұшпағы, Арналған талайлардың жыр-дастаны. Мен-дағы нәубет жайлы кітабымды Ұсынам оқырманға әр жастағы. Шындықты жазғаныма кінәлама, Айтпасаң болған жайдан із қала ма? Бар ойым өткендерді есіңе сап, Азаттықтың қадірін біл деу ғана.   БІРІНШІ БӨЛІМ

1922 жылдың мамыр айы. Күн арқан бойы көтеріліп қалған. Шеңгелді жазығында биылғы көктемнің жаңбырлы болғанынан қаулап өскен қызғалдақ самал жермен тербел­генде көздің жауын алады. Арасындағы жаңғырып, жасарған жусан далаға ерекше өң беріп, иісі танауыңды жарады. Осы табиғат төсеген тамаша кілемді қақ жарып Арқарлы асуына қарай созылған қара жолда төрт атты кісі көрінді. Бұлармен қатарласып, жолдың жағасымен шөпті жапыра басып, тең артқан екі түйені мылтық асынған бір салт атты айдап келеді.

Жолаушылар – бұдан бір апта бұрын Шаған тауының етегінде көктеуде отырған ауылдарынан біраз малдарды ай­дап, Алматының базарына сатып, оған киім-кешек, мата, өрік-мейіз, қант, тағы басқа қажетті заттарын алып қайтқан Көпесбай бай мен оның серіктері еді.

Алдыңғы қатарда күміспен көмкерілген жүген салынған жирен қасқа айғырдың үстінде кебежедей қарны құранды ердің басына тиіп, екі аяғын үзеңгіге шірене тіреп, анда-сан­да жылқының қылындай қара мұртын, қауға сақалын кезек-кезек сипап, түксиген қабағының астындағы бақырайған көзімен жан-жағына қарап қойып келе жатқан – жасы елуге таяп қалған Көпесбай бай. Оған кеше базардан сатып алған судай жаңа оқалы жеңіл шапан, басындағы құндыз бөрік – сыртынан қарағанда жарасып тұр.

Жирен қасқа айғырмен қатарласып, бір ат басындай қалыңқырап қара бесті келеді. Үстінде байға қарағанда жұпынылау киінген, жылтыр қара, арық ұзынтұра, бетінің әр жеріне өскен түгі болмаса сақал-мұрттан ада Жапақ отыр. Байдан озып кетпей, аты жүріскер болғанымен ол тізгінін қайта-қайта тартып қояды.

Жапақ – Көпесбайдың алыс ағайындарының бірі, жал­пы Қаңлы руынан, байдан бір мүшел кіші. Бай ауылының көшуі, қонуы, жайлауға орналасуы, қыстауды жөндеу, қысқа жалпы дайындық, толып жатқан басқа да шаруалар­ды ұйымдастыру, орындау – осы Жапақтың мойнында. Бұлардың артында бәйге торыдағы – Көпесбайдың үлкен ұлы Хасан. Оның қасы, шашы, мұрты, бет-әлпеті, дене бітімі, кейбір мінездері де әкесіне тартқан. Қалыпты жағдайда сұсты, қатал көрінгенімен, көңілі хош кезінде құрбы-құрдастарымен қалжыңдасып, ащы мысқылдарымен шымшылап отырғанды ұнатады. Кейде үлкен-кіші демей қалжыңға басатын кездері де болады.

Хасанмен қатарласып келе жатқан қара ала құнандағы – оның он сегізге әлі тола қоймаған інісі Асан. Түр-әлпеті шешесіне тартқан, қараторы, сүйкімді, оң жақ қасының арасындағы бұршақтай қара мең оны әдемілендіріп, ерекшелендіре түседі. Осындай сыртқы бітіміне оның мінезі сәйкес келе қоймайды, өркөкірек, бірбеткей, қатаң, айтқанынан қайтпайтын, ойына келгенін істеп өскен ерке бала.

Қатарластары, ересек балалардың өздері оған әлдері келетінін білсе де қаймығып, Асанның шолжаңдығын көтеретін. Бұл Асанның мықтылығының салдары емес, оның «Қара бәйбіше» деп ел атап кеткен Көпесбайдың бәйбішесінің бауырында өскендігінен болатын.

Қара бәйбішенің шын атын ауылдың бірен-саран ескі көздері болмаса, басқа жұрт білмейді, жастар дерлік «Қара бәйбіше апа» дейді, оның қап-қара жүзі, беті, ебедейсіз, төртбақ, еркек сияқты дене бітімі адамды өзіне тарта қоймайды. Бірақ осындай сыртқы бейненің ар жағында терең адамгершіліктің, адалдықтың, әділеттіліктің, инабаттылықтың барын ауылдың кәрі-жасы жақсы біледі. Беделі Көпесбай байдың өзінен артық болмаса, кем емес.

Ауылдағы тіршілік, күнкөріс, қам-қарекет, адамдардың арасында кикілжің, ұрыс-керіс тудырмай тұрмайды, отбасының өзінде де қызғаныш, сенімсіздік, басқа да келеңсіз жағдайлар болады. Осындай түсініспеушілік кезінде көп жағдайда олар қара бәйбішеге жүгінеді. Оның айтқанын орындаған адам жаман болмайды деген қағида ел арасында  қалыптасқан. «Қара бәйбішенің» беделінің арқасында бауырында өскен Асанға ауылдың ешбір баласы қарсы келіп, оны жәбірлеуге жүректері дауаламайды. Себебі оларды әке-шешелері қақпайлап, үнемі «Қара бәйбішенің асырап алған жалғыз ұлына тиіспе» деп ескертіп отыратын. Балалардың бірімен Асанның арасында түсініспестік бола қалса, Қара бәйбіше аузын ашпай жатып, сол баланың әке-шешесі баласының сыбағасын өздері беретін.

Қара бәйбішенің Көпесбай байға қалай тұрмысқа шыққаны туралы әлі алда айтылады, әзірге «Қара бәйбіше» – Ма­тай тауының етегін мекендеген төренің қызы. Ата-анасының жалғыз қызы. Тұрмысқа шыққаннан кейін әке-шешесі ерте қайтыс болып, алыс ағайындары Арқа жаққа көшіп кетеді. Көпесбаймен тұрмыс құрғанымен бала көтермейді.Бірнеше жылдан кейін өзі құда түсіп, Көпесбайға оның Алматыда тұратын досы Қанайдың Малайсары тауларының батысындағы Қопалы шатқалын қыстайтын ағасы Өтегеннің үлкен қызын тоқалдыққа алып береді. Көпесбайдың екі ұлы Асан мен Хасан осы тоқалдан туған. Кішісі Асанды «Қара бәйбіше» бауырына салып асырап алады. Асан есін білгелі өзінің қара бәйбішедей беделді ананың баласы болғанына іштей қуанып, масаттанатын, тек жанын қинайтын нәрсе нағашыларының жоқтығы болатын. Хасан ағасы жылына бір-екі рет Өтеген нағашысына барып қайтқанда: «Неге біз нағашыларымызға бармаймыз, неге менің нағашым жоқ?» – деп қара бәйбішенің мазасын алатын. Бірде «Қара бәйбішеге»: «Арқа жаққа барып, нағашыларымды іздеп келейік», – деп шу шығарып, қиғылық та салғаны бар.

Түйе айдап келе жатқан жас жігіт – Жапақтың ұлы Оспан. Жасынан ыстық-суыққа шынығып, жұмысқа үйреніп өскен, Асанмен құрдас әрі дос. Асаннан егделеу көрінеді, денесі де мығым.

Шеңгелді жазығының әр жерінен қыстаулар көрінеді, әр жердегі қыстауда бір не екі тоқал там бар. Осылардың арасынан қара жолдан оқшаулау тұрған бес тоқал тамнан тұратын ауыл ерекше көзге түседі. Бұның ерекшелігі – тоқал тамның санында да емес, тұрғындардың жазда жайлауға көшпей, отырықшылық өмір кешуінде болатын. Әр үйде бір-екі жылқы, сиыр болады, ұсақ малдарын кезектесіп бағады. Бастаудан аққан судың төменгі сағасына аздаған тары егеді. Күзде, көктемде бір кезде орыстардан алған қайықтарымен балық сүзеді. Балық аулағаннан оған дайындықтың машақаты көп. Қаңсып жатқан қайықтың тесігін бекітуге, аудың жыртығын жамауға бірнеше күн кететін. Содан кейін барып қайықты арбаға тиеп Ілеге ба­ратын. Ауланған балықты бәрі бөліп алатын. Бірақ бұл айтарлықтай табыс та емес болатын.

Қара жолмен келе жатқан бес жолаушы осы Бесүй деп аталып кеткен ауылдың тұсына келгенде, Хасанды қандай түленнің түрткенін кім білсін, әлде жолдағы үнсіздік зеріктірді ме, Асанға бұрылып:

– Әй, Асан, андағы құнаныңды қалай атадың? – деп қуақыланып күлді.

– Алатау деп қойдым.

– Қазақта мақал бар «Жаман иттің атын Бөрібасар қояды» деген, андағы ала тақайыңның қай жері Алатау? – деп қарқылдап күлді Хасан.

– Көрерміз әлі, енді екі-үш жылда астыңдағы бәйге торың Алатаудың шаңында қалады. Әнеу күнгі құнан жарыста бірінші орын алдым ғой, өзің көрдің емес пе, ыржимай, одан да езуіңді жи! – деп Асан ашуланды.

– Жарайды, қара, көрдің бе анау қара тұмсықты? – деп Хасан қолымен нұсқап Малайсары тауының батыс жағын нұсқады.

– Иә, көрдім, – деді Асан.

– Сол жерде – менің нағашы атам Өтегеннің ауылы. Ол жерде оның баласы Ералы көкем тұрады, – деп жымиды Ха­сан. Жасырақ кезінде ағасының «Сенің нағашың жоқ» деп мазақтағаны есіне түсіп, Хасанның сөзді қалай бұрып бара жатқанын сезіп, Асан ашуға булығып:

– Менің қазір саған әлім келеді, енді қоймасаң мұрныңды бет жасаймын, алдымен әкемді ескертейін, – деп Асан қара ала құнанға қамшы басып, әкесіне жетер-жетпестен:

– Әке, әке! – деп ентігін баса алмай, айғайлап жіберді. Көпесбай да, Жапақ та аттарының басын бұрып, қара жолдың үстінде Асанға қарап тұрып қалды. – Әке, мен сені ескертемін, ана балаң маған тиіскенін қоймаса, дода-дода­сын шығарып сабаймын, – деп Асан қолындағы қамшысын қыса берді. Осы кезде Хасан да жетіп:

– Әке, мен қалжыңдап... – дей бергенде ашуланған Көпесбайдың бақырайған көздері шарасынан шығып кете жаздады.

– Тоқтатыңдар! – деп ақырды. Содан кейін аздап сабасы­на түсті. – Болатын елдің балалары жоқтан бар тұрғызады, болмайтын елдің балалары болымсыз нәрседен айғай-шу, дау туғызады. Бұдан кейін жанжалдасқандарыңды естісем, ақ патшаның заманында менің Асылбек досым ояздың тілмашының құйрығына дүре соққандай, кім дұрыс, кім бұрыс деп жатпай, екеуіңнің де құйрығыңа дүре соғам! – деді.

Осы кезде тілмаштың құйрығына дүре соғылғанын білетін Жапақ қарқылдап күліп жіберді. Көпесбай оған жалт қарағанда ол күлкісін тыя қойды. Көпесбай бай сөзін жалғап:

– Естеріңде болсын, бала әкені ескертпейді, әке баланы ескертеді, – деді. Осыдан кейін Көпесбай атының басын бұрып, Арқарлы асуын бетке алып жүріп кетті, қалғандары оның артынан ілесті. Ашуы әлі тарқамаған Асан атына қамшы басып, Бесүйдің жоғарғы жағындағы бастауға қарай шаба жөнелді.

Очень плохоПлохоУдовлетворительноХорошоОтлично (324 голосов, средний бал: 4,43 из 5)

Загрузка...