Есболат Айдабосын

11665574_716214741840146_5837517959265837588_nАйдабосынов Есболат Серикбаевич (20 ноября 1981 г). В 2002 году окончил филологического факультета АГУ им. Абая (Алматинский государственный университет) по специальности «учитель казахского языка и литературы». Более 10 лет работал журналистом. С 2013г-до наст. Времени учится в Китайском Нефте-Газовым Университете (Пекин). Лауреат литературной премии «Алтын қалам»(Золотая пера) и «Алтын Тобылғы» («Золотая Таволга»).


Рассказ "Азап пен Мазақ"

Отрывок

Ескерту: Бұл шығармадағы оқиғалар автордың қиялынан туған.

– Қарқ, қарқ, қарқ...

Үлкен қарағаштың басына үрім-бұтағымен ұя салып алған қарғалар бүгін таң атпай қарқылдады. Қысы-жазы мекенін өзгертпейтін жарықтықтар аса ұйымшыл. Бірі бастаса, екіншісі қоштай жөнеледі, жан-жақтан жамырап айналаны азан-қазан қылады. Бұл жолы да біразға дейін даурығып барып басылды. Қарғалардың қарқылы бәсеңсіген сәтте, ағаштың түбіне тақау орналасқан бір қабатты сұрқай үйдің ішінен іңгәлаған нәрестенің дауысы шықты. Қарғалардың қарқылдайтын жөні бар, дауыс тым зарлы еді...

                     *****************

Біз төртеу едік. Өзбектің Nexia көлігін шықпыртқанда, мерседес, вмв секілді неміс жүйріктерін шаң қаптыратын шопыр Тілеубек үйреншікті әдетіне салып, Боралдайдың тас жолымен бұрқыратып барады. Оның қасына жайғасқан телеоператор Ержан Жаңбырбай паровозша түтіндетіп отыр. Онсыз да экологиясы оңбай бүлінген Алматының аспанын былғай түсейін дегендей «бұрқ, бұрқ» еткізіп өршелене үрлейді. Зулаған көлікке қарсы соққан жел, ол түтінді артқы орындықтағы екеуге қарай айдайды. Ол екеудің бірі мен, екіншісі орыс редакциясының тілшісі Анар. Орысша жазғанмен қазақша ойлайтын Анардың аузы тыным табар емес, түтінге тұншықса да әртүрлі тақырыпқа бір шауып отыр. Түнде ұйқы қанбағандықтан Анардың алдына басымды салып мызғып алсам деген ниетпен қисайғанмын. Жақсы көңіл күйде «жолды қысқартып» бара жатқан үшеудің әңгімелеріне араласа алмай, тыңдап қана жатырмын.

Бағытымыз – Жауғашты. Иә. Иә!! Станция Шамалғанға қарасты Жауғашты деген шағын ауыл. Мұнда әйгілі әйелдер түрмесі бар, соған барамыз. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай абақты басшылығы ашық есік күнін жариялаған. Астанадан жеткен тапсырма бойынша бүгінгі кешкі жаңалықтарға репортаж беруіміз керек.

Тілеубек көліктің тізгінін түрменің темір қақпасына келгенде бір-ақ тартты. Қатар өскен көп теректің көлеңкесіне барып темір тұлпарын доғарды. Оның бүгінгі жарты жұмысы осымен бітті, біз түсірілім жасап шыққанша, аяқты аспанға көтеріп тастап ұйықтайды сабазың...

Көлік тоқтағанын сезсем де, Анардың тізесінен басымды алмаған күйі жатырмын. Саусақтарының ұшына жапсырып алған сүйріктей жасанды тырнағымен қолтығымнан қытықтап жібергенде бір-ақ түрегелдім. Анар айнасына қарап, опа далабын бетіне жағып, сыланып-сипаланып жатыр екен.

-Анарбай бұл еркектер түрмесі емес деп қағыттым да оның шымшып алар әдетін білгендіктен, жалма-жан далаға атып шықтым. Ержан сыртта жүр. Езуіне темекісін қыстырған күйі камерасын түрмеге қарай бағыттап жатқанына қарағанда, ерте жарықта жалпы көрінісін түсіріп алмақ. Күн арқан бойы көтеріліпті. Алматының аспаны бүгін халықты табаға салған балықтай тағы бір шыжғырып алайын дегендей, әлден ыстық леп еседі. Абақтының алды адамға толы. Бейне бір, түрме емес темір жол вокзалы ма дерсің, бір-бір дорбасын арқалаған жұрт биік дуалды жағалай жосылып жүр.  Бірінің анасы, бірінің баласы, енді бірінің құдай қосқан қосағы тағдырдың жазуымен осында жатыр. Сағынған көңілдің мауқын баспаққа барлығы ертелете жеткен көрінеді. Асай-мүсейімізді арқалап, керенау қозғалып біз де солай қарай беттедік.

Очень плохоПлохоУдовлетворительноХорошоОтлично (4 голосов, средний бал: 3,75 из 5)

Загрузка...