Бір қазақ

img_07481985 году в республиканском литературном альманахе "Жалын" опубликовали мою первую вещь - научно-фантастический рассказ. Долго не писал, не считал нужным, к концу 20-го века у меня было всего 4 рассказа, а мне 41 год. В 2003 году внезапно предложили издать книгу и пришлось за 2 недели написать несколько рассказов ("Степаныча" - за день) и маленькую повесть. Так вышла моя первая книга. Кредо - чтоб никто не мог написать на одну и ту же тему лучше меня до и после, во все времена и во всех народах.        

Әңгіме "Степаныч"

Отрывок

    СТЕПАНЫЧ Ауланың есігі шиқылдай ашылып, сарт етіп жабылды да іле-шала Руслан Степанычтың бажылдаған дауысы естілді. - Қамап қойыпты!.. Ах, оңбағандар!  Көрсетермін сендерге!  Ұстап алып, бастарыңды жұлармын! Пуня! Пунь, кел, келе ғой, күшігім, кел! Қарашы, саған не әкелгенімді! Мә, жей ғой, күшігім, же. Ал, сені үйшігіңе қамап қойған оңбағандардың сазайын тартқызамын әлі! Мә, Пуня! Күшігім менің, кішкентай! Итті еркелетіп біраз отырды да табанына темір нәл қағылған ағаш аяғымен баспалдақты тесіп жіберердей тақылдата басып үйге кірді. Ойлағанымдай-ақ, менің бөлмеме қарай бұрылды. Әлгінде бір жолдас жігіт келіп, екеуміз аздап сыра ішкенбіз, шәуілдей берген соң итті қамап қойып едім, қорасынан шығаруды ұмытып кетіппін. Қағаз жазған болып үстелден басымды көтермесем де көзімнің қиығымен байқап отырмын, мұрты едірейіп, ашық тұрған есіктің алдына келіп тоқтады. Мұнысы өзін мәдениетті адам ретінде көрсетіп, иба сақтағандағысы, рұқсат етпесең ешқашан үстіңе кірмейді. Екеуміз ені бір-ақ метрдей тар дәліздің қарама-қарсы екі бөлмесінде тұрамыз, өз бөлмесінде бүкіл үйді басына көтеріп айғайлап жатқаны есеп емес, бір-бірімізге тек рұқсатпен ғана кіруіміз керек. Аңғармаған болып қашанғы отырасың, бір кезде қағаздан басымды көтеріп, жаңа ғана байқаған түр көрсеттім. - Төрлетіңіз, Степаныч, мен сізді өз бөлмеңізге кірген екен десем… Тек содан кейін ғана ағаш аяғы сықырлап ішке кіріп, үстелдің жанындағы ескі креслоға жайғасты, терезенің алдында тұрған екі шөлмек сыраның өзіне бұйыратынын біліп, қабағы ашылғандай болды, қалтасынан темекісін алып үстелдің үстіне қойды. - Итті қамап кетіпті, оңбағандар! Өрік ұрлауға келген балалар шығар. Сен үйде болмап па едің? Егер көре қалсаң біреуін ұстап ал да менің бөлмеме апарып кереуетке байлап қой. Жауабын өзім беремін. Көрсетейін оларға! Сен немене, сыра ішіп отырсың ба? Адам жалғыз өзі құсадан ғана ішеді. Қандай күйік алып бара жатыр сені? - Сізге деп алғанмын, Степаныч, сіз кешіккен соң бір шөлмегін өзім ішіп қойдым. Ал, балаларды көрген жоқпын, мен дүкенге кеткенде кірген ғой, шамасы. - Ха! Рахмет, Нұр! Шалды өстіп анда-санда сыра-пырамен алдарқатып қойғаның дұрыс. Кәне, құйып жібер. Қожайын мен пәтерші болып ішіп жіберейік. Степанычтың бір бөлмесін жалдап тұрып жатқаныма бір айға жуық уақыт болған. Өзін-өзі шал дейтіні болмаса, жасы қырық бесте, басқа ешкім оны бұлай атамайды, жұрттың бәрі - үлкені де, кішісі де оған әкесінің атымен Степаныч деп сөйлейді. Бір аяғы тізесінен жоқ, әскерге кетер алдында жолашар кеш өткізіп, той тарқарда бәрі шетінен мас, көршісімен төбелесіп қалыпты. Қолына қайдан түсіп жүргенін білмейді, кәдімгі тас уататын нән балға - куәлді ала жүгіріпті әлгіге. Көршісіне де жан керек, жабық тұрған жертөленің терезесінен ішке қарай балық құсап басымен секірген ғой сабазың. Сөйтсе басы мен денесі сыйып, бөксесі терезенің көзіне кептеліп қалыпты. Бұл шіреніп тұрып куәлмен періп келіп жіберсе, онысының басы былқылдап бос тұр екен, сабынан сусып шығып, өзінің башпайын жаншып кетіпті. Елдің бәрі мас, улыған-шулыған, әйтеуір біреуі милиция шақырған екен, олар жедел жәрдемді ертіп келіпті, башпайын ұстап домалап бұл жатыр екен, терезеден не әрі, не бері өте алмай көрші жатыр дейді, өйтіп-бүйтіп босатып алса маңдайынан белуарына дейін қып-қызыл қан, әйнектің сынықтары қозғалған сайын әр жерін тіле берген ғой. Ақ-қарасын кім анықтап жатыр, сол жерде көрші жәбірленуші, бұл бұзақы деп танылып, бірін ауруханаға, екіншісін қамаққа ала жөнелмей ме, ертесіне күн сенбі екен, бастықтар жоқ, мұны дүйсенбіге дейін ешкім керек қылмаған. Башпай болса ісіп бара жатыр дейді, ертесіне-ақ жуандығы басымнан кем болмады, терісі қалай жыртылып кетпегеніне таң қалдым деп соғады өзі. Сонымен не керек, дүйсенбі күні мұны да ауруханаға жөнелтеді ғой. Тексеріп көрсе, башпайының сүйегі үгітіліп кетіпті, соның сынықтары айналасындағы етті зақымдаған, ондайды дереу сылып алып тастау керек екен, қайдан, бұл болса үш күн бойы қамауда жатыр, сонымен әлгі зақымданған ет шіри бастапты, оның зардабы өзі де үгітіліп дайын тұрған сүйекке тиген, айналып келгенде ертең әскерге кеткелі отырған жігіттің бір аяғын тізесінен шорт кесіп тыныпты. Мұны кейінірек өзі айтып берген, әйтпесе жұрттың аяғында не шаруам бар. - Кейде біреулермен ілінісіп қалғанда білмейтіндер: «Немене, бүгін сол аяғыңмен тұрып па едің!» - дейді. Мен оларға: «Жиырма бес жылдан бері тек сол аяғыммен ғана тұрамын» - деп жауап беремін деді ол күдірейіп. Қаланың тау жақ бетіндегі иір-қиыр тар көшелердің біріндегі жұпыны ғана үй, жалғызбасты қожайын, пәтерақысы арзан, демалыс күндері жазу-сызуға қолайлы, тыныш болар дегенмін ғой. Отын-суы өзінен, кіре берістегі ас үйде тамақ пісіруіңе болады, радио сөйлеп тұр, тоңазытқыш ортақ, төргі бөлмедегі теледидарды кез-келген уақытта қарай бересің. Салт басты, сабау қамшылы адамға осыдан қолайлы пәтер табылмас деп шабаданымды арқалап көшіп келгенмін. Қайдағы тыныштық! Келісім бойынша пәтерақыны алдын-ала төлеп едім, сол күні кешқұрым кішігірім той-томалақ болды. Қожайынның екі-үш жолдасы, екі-үш келіншек келген, қолқалап қоймағасын арасында өзім де болдым, таңға дейін өкіртіп тұрып іштік. Ертесіне жұмысқа сүлдерімді сүйретіп әрең бардым. Содан кейін бұлармен бірге ішуге болмайды екен деп түйгем. Бақсам, бақа екен дегендей, бүйтіп сырғақсып тағы жүре алмайды екенсің, ара-тұра бір-екі шиша сыра әперіп көңілін аулап қоймасаң қожайынның қырына ілігесің. Ондайда өз-өзінен боқтанып, үйге бір кіріп, бір шығып, мазасызданып кетеді. Жүрген жерінің бәрі тарс-тұрс, әлденелерді құлатып, қиратып, көршілердің бәрін шетінен сыбап шығады. Бәрі оңбаған, бәрі арам, ойлағандары қараулық, қайтсек осының жынына тиіп, өзі де тозып жүрген жүйкесін одан әрі тоздыра түсеміз деп ойлайды. Бір қызығы, жаздың күні ғой, оны-мұны шұқылап ауласында жүрген көршілері мұның балағаты өзіне қарата айтылып жатқанын естіп тұрса да ешқашан қарсы сөйлемейді, әлде «аш бәледен қаш бәле», осымен ерегіспей-ақ қояйық, өзі мүгедек, кемтар адаммен байланысып абырой таппаспыз дей ме екен, әйтеуір, оған сенікі қисық деген адамды көрмедім. Степаныч қырлы стақанға мөлтілдете құйған сыраны сіміріп салып, алақанының қырымен темекінің түтініне ысталып, сарғайып кеткен мұртының шалғысын сүртіп қойды. Қобырап маңдайын жауып тұратын толқынды жирен шашының астынан сарғыш-жасыл шегір көзімен сынай қарайды. Қоңқақтау мұрны мен қушық бетіне қарағанда, оны орыстан көрі Кавказ халықтарына ұқсатасың. Алғаш мен де солай ойлап, өзіңіз орыссыз ба деп сұрағанмын. - Енді кім деп едің? - деп ежірея қалды ол. - Әлде атыма қарап татар деп тұрмысың? Пушкинді білетін бе едің? Сол кісінің «Руслан мен Людмила» деген поэмасы бар. Соның құрметіне әпкем екеумізді осылай атаған. Әпкесі қалалық кәсіподақ комитетінде бөлім меңгерушісі болып жұмыс істейді, соның арқасында болар, өзінің айтуынша, Степаныч жыл сайын екі рет курортқа барып демалып қайтады екен. Әңгімесіне қарағанда, Қырым мен Кавказдың бұл бармаған қаласы жоқ. Өзі кітапты көп оқиды, негізінен, тарихи тақырыпқа жазылған және шытырман оқиғалы кітаптарды ұнатады. Төргі бөлменің бір қабырғасы түгел кітап, бірақ ешкімге бермейді. Сол жерде отырып қарап шығуыңа болады, бірақ қайтадан орнына қоясың. Өзі де арақ ішпеген кезінде сондағы диванның үстіне шығып алып кітап оқып отырады, кітаптың бетін қайыру, оқыған жеріне тастап кету деген бұл кісіде болмайды. Теледидар қараса да кітабын сөредегі өз орнына қойып, содан кейін ғана қосады. Тәртіп солай, кітап атаулы осы бөлмеден шықпауға тиіс, онда да әр кітаптың өз орны бар, одан жаңылыссаң бәлеге қалғаның. Бірде әлдебір тарихи дерек іздеймін деп алған кітабымды теледидардың үстіне қоя салып, далаға шығып кеткенмін, Степаныч та кітап оқып отырған, ауланың бұрышындағы әжетханаға барып қайтып келсем, шалдың мұрты жыбырлап кетіпті. Қойған жерімнен кітабымды таппай, сөреден қарасам, сонда тұр. - Бүйтіп әдеттенбе, - деді ол қатулана қарап. - Егер кітап оқитын болсаң басқа шаруаңның бәрін тындырып келіп оқы. Бір отырып, бір тұрып кітап оқи ма екен адам! Оқып болдың ба, орнына қой. Ол саған кез-келген жерге тастап кете беретін баланың ойыншығы емес, тартып болғасын тастай салатын темекінің тұқылы да емес. Ол - кітап! Осыны ұмытпа! - Бірақ, мен оқып болған жоқпын ғой, Степаныч, мұныңыз не? - дедім аңтарылып. - Бар болғаны бір-ақ минутқа далаға шығып келген жоқпын ба! - Бір минут, екі минут дегенді білмеймін! - деп кесіп тастады ол. - Мен саған оқыма демеймін, оқы, бірақ отырып оқы. Ал, бір көзің кітапта, екінші көзің далада, бүйтіп жүгіріп жүретін болсаң, оқымай-ақ қой! Содан кейін оның кітабын қолыма ұстамайтын болдым. Бірақ, кітапқа құрметпен қарағанына кәдімгідей ішім жылып қалды. Әр нәрсенің қадірін білгенге не жетсін, әсіресе, күн өткен сайын тоғышарлана түскен біздің қоғамда жан азығынан гөрі тек өткінші байлықты күйттеп, қалтасының қампиғанын ғана ойлайтындар көбейіп бара жатқанына өзімнің де ішім ашитын. Сырты дөрекі болғанымен жан дүниесі таза, өресі биік, көшелі адам екен деп көңілім марқайып, риза болып қалдым. Бірақ, оның тәртібі тек кітапқа қана жүреді екен де басқа жағына мән бермейтін болып шықты. Үйдің іші ыбырсиды да жатады, шаң деген бір елі, ауланың іші өмірі жиналмайды. Ас үйдегі ыдыс-аяқ деген мүлдем баттасып кеткен. Арақ ішкен кезде керек қылған ыдысының ішін шүберекпен сүрте салады, оны да өзі емес, бөтелкелестерінің бірі, көбінесе әйелдер істейді. Келген әзірде өз бөлмемді қағып-сілкіп, еденін жуып біраз тазартып алғам. Кейін төргі бөлме мен ас үйді реттемек болып байқап көріп едім, жалғыз өзімнің шамам жетпейді екен. Сосын қолды бір-ақ сілтедім де асханадан тамақтанып, бұл үйден тек шәй ғана ішетін болдым. Стақан, пышақ, қасық дегендерді шәйдің алдында жуып аламын, соны қанағат тұтып жүре бердім. Кейде Надя келеді, ол келсе Степаныч қабағынан қар жауып, мүлдем түнеріп алады. Құдды ол бірдеңені бүлдіріп жүргендей-ақ кекетіп-мұқатып, қарсы сөйлесе боқтап ала жөнеледі. Екеуі айғайласып жүріп, Надя үйдің шаңын сүртіп, ыдыс-аяқты жуып, еденді тазалайды. Ара-арасында зыр жүгіріп дүкенге барып келеді, екеуі бір жартылықты қылдай бөліп ішіп алғаннан кейін Степаныч көңілденіп, аулаға шығады, мұрнының астынан әндетіп қойып көлеңкеде темекі тартады, Пунямен сөйлеседі, одан да жалыққасын көршілермен ілінісе бастайды. Бұл кезде бір бөлмені тазартып болып, екіншісіне кірісіп жатқан Надя келіп алдап-сулап үйге ертіп кіреді, тағы да дүкенге жүгіреді, тағы жартылық, содан кейін бәрі басынан бастап тағы қайталанады, сөйтіп жүргенде кеш болады. Надя кейде ас үйді тазартып үлгермей қалады, содан кейін біреуі мас болып құлап қалғанға дейін қайтадан ішеді. Надя қараңғыға қалып қойса, он бес-он алтылардағы қызы келіп, ауланың сыртынан айғайлап шақырып алады, кейде Степаныч оны да сықпыртып жатады, ондайға еті үйреніп кетсе керек, қыз оған жауап қатпайды, шешесін ертіп алып кетеді. Кейде Степанычтың Надяны жібермей қоятыны бар, ондайда қызы тұрып-тұрып үйіне қайтады. Екеуі түннің бір уағына дейін арақ ішіп, ақыры төбелесіп тынады. Степанычтың кереуетінің астында ұзындығы жарты құлаш білеу жатады, сонымен Надя байғұсты алып келіп сабайды, бірақ бастан ұрмайды, арқасынан, бөксесінен шықпыртады. Алғашында екеуін ажыратпақ болғаным бар. «Қойсаңыздаршы!» - деп кіріп келсем, Степаныч ағаш аяғын ағытып тастапты, пижамының бір балағын түріп алған, қолында білеу, екінші қолымен кереуеттің басынан ұстап алып, бір аяғымен секеңдеп жүріп кереуеттің астына тығылған Надяны төмпештеп жүр. Кереуеттің астына сыйып кететіндей Надя қай бір жүдеу адам, соққыдан жалтармақ болып қозғалған сайын төсек те секіріп-секіріп түседі, кереует қозғалғанда Степаныч шайқалақтап құлап қала жаздайды. Шап беріп білеуге жабыса кеттім, шалдың қолы қарулы, дегенмен, қайран жиырма бестегі қылшылдап тұрған кезім, бір бұрап жұлып алдым. Жаңа ғана арғы-бергінің бәрін сыбап, аспан-жерді қабыстырып жүрген шалымның аузы аңқиып, аруақ көрген адамдай екі көзі бақырайып, үні шықпай құмықты да қалды. Надя домаланып кереуеттің астынан шығамын деп жүргенде онысы бір жағына қисайып кетті де шалымыз қираң етіп құлап түсті. Надя өлтірді деп баж ете қалды. Өлген ешкім жоқ, мұндайда ақсақ түгіл сау да құлайды, екеулеп жүріп тұрғызып алдық. Надяның қасында екенін көргесін шалыңа жан бітті. Құдай басқа салмасын, мұндайды кім көрген, жаңа ғана қырылысып жатқан бұлар емес, бөтен біреулер сияқты, ауыздарына ақ ит кіріп, көк ит шығып екеуі екі жағымнан өзіме тарпа бас салғаны. Бөлмеме қашып кіріп, есікті іштен іліп алып құтылдым. Таң атпай қайдан тауып алатынын қайдам, сөйтсем, кейін білдім ғой, осы маңда жасырын самогон сататындар бар екен, ертемен тағы бір жартылықты қақ бөліп ішіп алды да Надя жұмысына кетті. Өзім де жұмыстан кешігіп қаламын ба деп тықыршығаныммен, мұндайды дер кезінде ескертпесең басынып кете ме деп қауіптеніп, дұрыстап сөйлесейін деп Степанычтың аулаға шығуын күтіп отырғанмын. Надя кетісімен өзі келді. Рұқсат сұрап бөлмеге кірді де тегеуірінді, сіңірлі қолымен иығымнан қапсыра құшақтап, кешірім сұрады. Әшейінде өктемси қарайтын шегір көзі тұманданып, мөлиіп кетіпті. Одан мұндайды күтпеген басым, қапелімде не айтарымды білмей сасқалақтап қалдым. - Кешір, Нұр, түндегіміз артықтау болып кетті, - деді ол жүзін төмен салып. - Біздің сенде жұмысымыз жоқ, өзіңнен де бар, араласпауың керек еді. Біздікі үйреншікті болып кеткен, ұрсысамыз, қоямыз, бас жарып, көз шығарып жатқан жоқпыз ғой. Орыста мақал бар, «ерлі-зайыпты ібіліспен тең» дейді. - Ондай мақалды біздің қазақ та айтады, бірақ, бұдан сәл-пәл өзгешелеу, «ерлі-зайыптының арасына есі кеткен түседі» дейді. Бірақ, сіздер ерлі-зайыпты емес сияқтысыздар ғой, - деп бүлдіріп алғаным. Степанычтың мұнартқан көзі енді қылилана бастады. Бір аттап кері шегініп, осыны қайтсем екен дегендей бетіме бажбия қарап, екі ойлы боп біраз тұрды да орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Бір аяғында шәркейі, екінші аяғының орнында таяқ, көзімен жер шұқып отырып қалды. Сәлден соң басын көтеріп маған үңіле қарады. Көзі жанданайын деген сияқты, әлгіндегі тұман сейілген. - Дұрыс айтасың, біз ерлі-зайыпты емеспіз, дегенмен, соның ар жақ-бер жағындағы адамбыз, - деді ол шаршаңқы кейіппен. - Оның үстіне, Надяның күйеуі бар. Бұл ұзақ әңгіме, оның бәрін саған түсіндіріп жатпай-ақ қояйын. - Соныңыз дұрыс, мен де жұмысқа асығып тұрмын, кешігіп қалсам ұят болады, - деп мен де оның сөзін жалғастыруына мұрша бермей бастырмалатып жатырмын. - Өзім жақында орналасқанмын, мына бала жұмысқа тұрмай жатып кешігетінді шығарған ба деп біреулер сөз қылып жүрер. Кеттім мен. Егер әңгімеңіз болып жатса кешкісін айтарсыз, ал, қазір айыпқа бұйырмаңыз. Кешке келсем, екі жолдасымен бірге ауладағы сәкінің үстінде арақ ішіп отыр. Біреуі - көрші, жас шамасы өзі құралпы, төбе шашы селдіреп түсе бастаған жуан қарын Сергей. Екіншісін де осы үйден бірер рет көргенмін, Степанычтың өзі сияқты арық, бірақ ондай қайың-қаптал емес, сіңіріне ілініп жүрген өлімтік. Мені де шақырып жатқан, барғаным жоқ, газеттің ертеңгі санына мақала жазуым керек, бұларға қосылып ләйліп отырсам мен үшін оны біреу жазып бере ме! Бір кезде нобайлаған сияқты болдым. Енді шамды сөндірейін деп жатсам, біреу ақырын жөткірінеді. Степаныч. Есіктің алдында тұр. - Ау, кірмейсіз бе? Сағатқа қарасам түн ортасынан ауып барады екен. Қап, бекер шақырдым-ау, енді мұның мылжыңын тыңдап таң атқанша отыру керек, ұйықтағалы жатқанымды көрді, айтатынын тезірек айтса екен деп іштей қынжылып тұрмын. - Сен Құнансың, - деді ол күлімсіреп. - Түсінбедім. Құнаны несі? - Құнан ше? Сендердің ұлы ақындарың. Әлгі… «Адамның мінезін түзеуге болмайды деген оңбағанның мүшесін кесіп тастау керек», - дейтін... Құнан... Абай!.. - Е, Абай Құнанбайұлы деңіз. Бірақ, ол мүшесін емес, тілін кесу керек деген. - Бәрібір емес пе!.. - Неге бәрібір болады? Жарайды, қояйық оны… Ия, оған менің не қатысым бар? - Дәлізде тұрғаныма жарты сағат болды, жөткірініп қоямын, сезетін түрің жоқ. Өлең жазасың-ау деймін, ә? - Қайдағы өлең! Құдай ондай өнерді екінің біріне бере бермейтін шығар. Ал, Абай сияқтылар жалпы мың жылда бір-ақ рет туады. Мен қарапайым журналистпін, мақала жазып отырғанмын, бірақ, бұл үшін де ойлану керек. Мүмкін аңғармай қалған шығармын. Кешіріңіз, мен ұйықтайын деп едім, егер асығыс шаруаңыз болмаса… Айып етпеңіз. - Жоқ. Менде қандай шаруа болсын, еріккен адаммын ғой. Жарайды, ұйықтай бер. Мазаңды алғаным үшін кешірерсің. Ағаш аяғын сықырлата басып шығып кетті. Мұнысы несі? Осының ойына бір пәле түсіп жүрген жоқ па, беті аулақ, есікті ішінен іліп алдым. Түнгі сағат он екіге дейін ұйықтамасам көпке дейін көзім ілінбей дөңбекшіп шығатын едім, қазір де сөйтетін болдым-ау, қап, ертерек жату керек еді деп өкініп жатып қалай ұйықтап кеткенімді білмей қалыппын, таңертең сергек ояндым. Кешкісін үйге келсем, Степаныч аулада отыр. Жалғыз өзі. Ішпеген. Мен де сәкінің бір шетіне құйрық бастым. - Кеше бірдеңе айтқыңыз келді ғой деймін, Степаныч? Бүгін қолым бос, уақыт көп, айта беріңіз енді. - Жүр, балық жейік, - деді орнынан тұрып. - Ащы балық емес, жас балық, Надя әкеліп тастады, бүгін асханаларына Қапшағайдың балығын түсіріпті. Шал менің балықты сүйсініп жейтінімді біледі, шамасы, оны Надяға алдыртқан өзі болуы керек, мейлі ғой, бұйырған асты неге жемеске. Екеуміз ас үйге кірдік. Бетін салфеткамен жауып, ыдысымен әкелген екен, әлі суымаған, табан балық. Тура менің көңілімді табайын дегендей-ақ, өзім ұнататындай етіп екі жағын қып-қызыл етіп қабартып қуырыпты. Сыйға сый деген, дүкенге барып келейін деп едім, Степаныч екі қолын көтеріп шыға келді. - Керегі жоқ, Нұр, бүгін ішпей-ақ қояйық.  Дұрысы, екеуміз әжің-күжің әңгімелесіп отырмаймыз ба одан да. Жарайды. Менің де ішкім келіп отырғаны шамалы, әшейін, еруліге қарулы дегенім ғой. Степаныч екеуміз «көпестердің» қою қара шайын сораптап отырып балыққа тойып алдық. Қайтадан далаға шықтық. Ауылда жүргенде масахана құрып тастап осындай сәкінің үстінде ұйықтаушы едік. Бірақ, Алматыда ондай қайда, түні салқын, аяқ астынан жаңбыр құйып кететіні бар, көшесінде түнде де машина жүре береді, солардың дыбысы-ақ ұйқы бермейді, ақыр аяғы, еріккен біреу жатқан жеріңде басыңнан таспен бір-ақ перуі мүмкін. Екеуміз осындай көр-жерді әңгіме қылып біраз отырдық. Байқаймын, Степанычтың бірдеңе айтқысы келетіндей, әлде сыр бөліскісі келе ме, бірақ соның кіріспесі тым ұзарып бара жатқан сияқты. Менің ойымды оқып қойғандай-ақ, кенет турасына көшті. - Өткен жолы Надя туралы әңгіме қозғадық та оны аяқтауға уақытымыз тарлық етіп еді ғой, Нұр. Сол жөнінде айтып берейін саған. Тыңдауға құлқың бар ма? - Айта беріңіз, Степаныч, құлағым сізде. Екеуміз темекіні бұрқыратып қойып, әңгімені көйітейік. Бірақ, бұл әңгімеміз екеуара диалог емес, бір адамның монологына көбірек ұқсап кетті. Еркектердің әңгімесінің тұздығы көбірек болады, мен тек ара-тұра бір-екі сөз қыстырып қойғаным болмаса, негізінен, Степаныч сөйлеп отырды. Қарапайым тілге көшіргенде оның ұзын-ырғасы мынадай болатын. - Әкем ер жігіт еді, соғыс ардагері, «Даңқ» орденінің толық иегері, жанып тұрған от болатын. Жұмысшыларды жабдықтау бөлімінде істеді, бал ұстаған бармағын жаламай ма, басқалар қоңторғай күй кешіп отырғанда біз таршылық дегенді білмей өстік. Мінезі де адуын еді, жүрген жерінде жұрттың бәрі соның аузына қарайтын. Әкеме ұқсағым келіп жасымнан тентектеу болып өстім. Маңдайымнан шертіп көрген жоқ, бірақ кейде осы қалай өзі дегендей, көзін сығырайтып қарап қалатыны бар еді. Ондайда өз-өзімнен қуыстанып, берекем қашатын. Марқұмның жаны жәннатта болсын, он бес жасымда одан да айырылдым. Әпкемді ұзатқанда қаладағы үлкен кафеде той жасағанбыз, ол кезде ондай тойды анау-мынау министр де жасай бермейді. Сонда «Жалғыз қызымның тойында мен билемей кім билейді» деп казактарша секіріп жүргенде сылқ етіп құлады да есі кірместен ертесіне таңертең дүние салды. Кейін дәрігерлер анықтады ғой, кеудесінде снарядтың жарқыншағы бар екен, сол қозғалып кетіп, күре тамырын қысып қалыпты. Содан кейін анам да күрт әлсіреп кетті. Әдебиет пәнінің мұғалімі, нәзік жанды адам еді, құсаға шалдыққан болуы керек. Әйтеуір, әкеміз кеткеннен кейін ол үшін өмірдің қызығы таусылып, өле-өлгенше сүлесоқ күй кешті. Бертінде, осыдан он шақты жыл бұрын қайтыс болды. Людмила күйеуде, мен болсам он сегіз жасымда мүгедек болып қалдым, шешем не өлінің, не тірінің қатарында жоқ, бұрын онша үйірлігім болмайтын, ішкілікке салынып кеттім. Жылап-еңіреп әпкем келіп ұрысқан болады, боқтап-боқтап қуып шығамын. Жездем мүлдем жоламайды, үйленгеннен бері осы үйге басын сұғып көрген жоқ, әлі күнге дейін балаларын да жібермейді, бірақ жиендерім бауырмал, өзім барып тұрамын, айналамда шырқ үйіріліп жүреді, әшейін. Жарайды, әңгіме онда емес, Надя туралы еді ғой, бірді айтып бірге кетті деме, өзім де соған қарай ойысып келемін. Ол екеуміз көрші тұрдық, үйі міне, мынау болатын, кішкенеден бірге өстік, он жыл бойы бір сыныпта оқығанбыз, әкем өлетін жаздан бастап кәдімгідей күйеу-қалыңдық болып жүрдік. Жасымнан неше түрлі пәлені біліп өскен қуаяқ емеспін бе, сол кезде-ақ әйел қылғанмын оны, таныс дәрігерге барып, несін жасырайын, әкемнің көңілдесі болатын, әкеңнен аумай қалыпсың деп таңдайын қағып жүріп Надяны бала көтермейтіндей етіп берген. Қазір ондай бәлені спираль дейді екен ғой, ол кезде не деп атайтынын итім білсін бе. Сонымен не керек, жоғары сыныптарға барғанда басқа қыздарға қырындай бастадым, Надя күнде қасымда, ол ешқайда кетпейді, ит сияқты тепкілеп қуып шықсам да бәрібір құйрығын бұлғаңдатып қайтып келеді. Қысқасы, ол мені әбден жалықтырып жіберді. Бұл менің нағыз жалындап тұрған шағым, қыздарға қырғидай тиіп жүрдім. Ағаларына шағымданып, олар келіп көкала қойдай қылып сабап кеткен кездер де болды. Сонда Надя барып әлгі қыздармен шаштасып қайтады екен. Үйде жатсам болды, сүйретіліп келеді де тұрады. Мен болсам, оның бетіне де қарағым келмейді. Содан бір күні, мектепті бітірген кезіміз, қасымда екі жолдасым бар, шарапқа тойып алдық та Надяны саяжайға ертіп барып күні бойы зорладық. Жылап жатыр, жалынып жатыр, біз шала маспыз, одан сайын құтырына түсеміз. Қараңғы түсе үйіне әкеліп салдық. Содан кейін маңыма жоламайтын болды. Сөйтіп құтылғанмын одан. Көп ұзамай күйеуге тиіп кетті, күйеуі бір момын адам дейді, соның момындығын пайдаланып қой әлі күнге дейін келіп жүргені. Басқа біреу болса не қуып шығар еді, не сирағын сындырып қояр еді. Қалай ойлайсың, Нұр, жігіт үшін бұл өмірдегі ең ауыр, ең қиын нәрсе не? Соны білесің бе? Әрине, әркімге әртүрлі. Ал, меніңше, жалпы кез-келген адам үшін ең ауыр тиетіні - жалғыздық сияқты. Жоқ, өз басым жалғыздықтан жапа шегіп жүрген жоқпын. Құдайға шүкір, бірге туған әпкем бар, жиендерім өсіп келеді, жолдас-жоралардың шет жағасын өзің де көріп жүрсің. Әйел де табылады маған. Бөсіп отыр деп қалма, сойдауылдай жігіттер үйленуге тесік таппай бойдақ жүргенде әйел мұның не теңі деп ойлайтын шығарсың. Шын айтамын, өйткені, мен оларды жақсы білемін. Қазірдің өзінде жалғыз аяқпен жүріп-ақ талайының басын айналдырып алуға құдіретім жетеді. Ал, үйленбеген себебім - қорқамын. Махаббаттан қорқамын! Кенет ағаш аяғын жұдырығымен салып-салып жіберіп күңіреніп қоя бергенде тұла бойым дір ете қалды. Жаз айының ортасы, қараңғы түскен кез, сау аяғын салбыратып, ағаш аяғын сәкінің үстіне көсіліп тастап отырған, екеуміз әңгіменің қызығына беріліп кетіп жарықты қосуды да ұмытыппыз, даладағы шамдардың алыстан әлсіреп жеткен сәулесінің аясында сұлбасы қарауыта көрініп, аузындағы темекісінің шоғы ғана жылтырайды. Аулада алмасы бар, өрігі бар, біраз ағаш өсіп тұрған, солардың жапырақтары аяқ астынан суылдай соққан желмен жарысып шуылдап қоя берді. Орнымнан тұрып жарықты жақсам ба деп бір оқталдым да әңгімесін тәмамдасын деп отыра бердім. - Айтқанмын мен хирургке! Кеспе дедім! Бір амалын тауып кеспей-ақ қоюға болатын еді ғой!.. Тыңдай ма олар! Оңбағандар!.. Енді келіп қайдағы бір боқмұрынның алдында ақталғандай болып отырысым мынау! Мен бе боқмұрын?! Мына кісі кімді басынғысы келіп отыр! Көтеріліп кете жаздап барып басылдым, қап, мана ішімдік әкеле салуым керек еді, осындайда мас едім деп сылтаурата салатын. Әйтпесе, мүгедекпен төбелесіп не опа таппақсың? Бекер жолаған екенмін өзіне! Қой, кеттім, үйге барайын. Әйтпесе, бұл әңгімеміздің аяғы қайда апарып соғарын бір Құдайдың өзі біледі. Орнымнан тұра беріп едім, жекіріп қалды. Мұнысына одан әрі жыным қозғанмен, сөзінің жаны бар, амалсыз қайтадан отырдым. - Жә, отыр! - деді ол лезде қарлығып сала берген шаршаңқы дауыспен. - Іште жатқан шерді қозғама, қозғадың ба, тыңда дұрыстап!.. Не айтып отыр едім? Ә, ия… Махаббат туралы… Айталық, мен біреуді сүйіп қалсам не болар еді? Мен оны сүйіп, ол мені сүймесе… Онда мұны мүгедектігімнен көріп, өз-өзімді өмір бойы қор сезініп өтер едім. Қазір де жетісіп жүргенім шамалы, әрине, бірақ ғашықтықтың азабының қасында бұл ойыншық қой, әшейін. Жақсы, ол да сүйсін делік. Ол кезде қайтер едім? Онда маған бұл махаббат емес, мүсіркеу сияқты көрініп жүрмей ме? Кім кепіл бола алады бұған? Өмір бойы өз күдігіңмен арпалысып өтуден артық азап бар ма адамға! Менің бүйтіп қиналып жүргенімді ол да сезер еді. Өз жанымды мүжігеніммен қоймай, оның да жанын жаралар едім… Жарайды, бәрі жақсы болсын делік, сүйеміз, күдіктенбейміз, бақытты өмір сүріп жатырмыз… Бәріміз де пенде емеспіз бе, күндердің күнінде жүз шайысып қалсақ не болады? Кемтарлығымды бетіме салық етіп жүрмей ме?.. Адамға өз мінін бетке басқаннан өткен қорлық жоқ. Ал, соны сүйген адамың істесе ше? Жоқ, ондайға адам баласының төзуі қиын. Тіптен, мүмкін емес деуге болады… Солай, Нұр! Біреудің қасіретіне себепкер болғанша, осылай салт жүргенімнің өзі дұрыс. Онсыз да бір Надяның обалына қалғанымның өзі аз емес. Ол байғұстың не жазығы бар еді? Бар кінәсі мені сүйгені ме?! Әлі де сүйеді… Мүгедек болып қалғанымды естігенде зар еңіреп жетіп келген. Ол кезде кімнің көңіліне қарайтын жайым бар! Балдақпен жүруді енді ғана үйреніп жүргенмін, осының бәріне сол кінәлідей-ақ жондатып салып келіп жібердім. Тура осы сәкіде отырғанбыз, қасымда шешем марқұм бар еді. Әкеміз о дүниелік болғаннан бергі бір саналы әрекеті болар, балдағымнан шап беріп ұстай алып, жағымнан шапалақпен тартып-тартып жіберді. Ол да түк емес, тістеніп тұрып: «Сілімтік!» - деп жерге бір түкіргені батып кетті. Туған анамның айтқаны бұл!.. Сола-ай!.. Қарабетпін мен. Әкемнің де, анамның да, әпкемнің де алдында қарабетпін... Сөйткен шешемді де жерлеп тындым. Надя болса әлі осы үйден шықпайды. Неғылған махаббат бұл?! Мен сияқты итті, доңызды, сілімтікті қалай сүюге болады?! Осыны түсінбеймін! Келген сайын еститіні боқтық, ол аздай таяқ та жейді. Бәрібір кетпейді. Өзім де оған әбден бауыр басып кетіппін, біраз уақыт келмей қойса, кәдімгідей көңілім қоңылтақсып, іздей бастаймын. Бірақ, бұл оны жақсы көріп, емешегім езіліп бара жатқаннан емес, бойым үйреніп кеткеннен. Қолыңдағы таяғыңа да үйреніп кетесің ғой, жоғалтып алсаң көпке дейін басқа таяқ ұстауға көндіге алмай қоясың. Сол сияқты нәрсе. - Степаныч, осының бәрін маған несіне айтып отырсыз? - деп сұрадым одан. Бәлкім, бұл қырсыққаным шығар, бәлкім біреудің қайғы-қасіреті әлі өмірдің таяғын жей қоймаған балаң көңіліме ауыр тиді ме, бір жағынан, шаршап та кетіп едім. Сұрауын сұрап алып, ренжіп қала ма деп ішімнен қипақтай бастадым. - Бәсе деймін-ау. Мұны саған несіне айтып отырмын? - деп Степаныч та серпіле жауап қатты. Әлде ішін буған өксікті сыртқа шығарып, бойы бір жеңілдеп қалды ма екен, дауысы жарқын-жарқын шығады. - Сен жассың, бар өмірің алдыңда, Құдай бүйтіп қиналтпасын сені. Айтпақшы, әу баста саған үйге қонақ әкелмейсің дегенде оным мүлдем ешкім келмесін деген сөзім емес, арақ ішіп, би билеп, отырыс жасама дегенім еді. Жолдастарың келе берсін, қызың бар шығар, оны да ертіп кел. - Қыз келсе қонамын деп әлек салады ғой, - дедім әзілдеп. Осы сөзді күтіп отырғандай Степаныч та жайраңдап сала берді. - Ау, Нұр!.. Қыз дегеннің өзі де сол үшін келмей ме жігітке? Қонады, әрине! Қона берсін. Монша жағамыз, күндіз түсесіңдер ме, түнде түсесіңдер ме, өз еріктерің. Әйтпесе, тым тәуір жігітсің, бір ай бойы түрмеде отырғандай қамалдың да қалдың, обалыңа қалып жүрген жоқпын ба өзіңнің? Ол жағынан қысылма, егер менен ұялатын болса, Құдайға шүкір, маған баратын жер табылады, бойы үйреніскенше көздеріңе түспеуге де бейілмін. Сондықтан, менен рұқсат. Сөйтіп, әзіл-шыны аралас, күтпеген жерден бұл мәселені де шешіп алдық. Тек ертең осы сөзінен айнып кетіп жүрмесе болғаны. Енді мұны ішіп отырған кезінде бір қозғап көру керек, сонда не дер екен. Ертесіне оның да сәті түсті. Жұмыстан келсем, бұрын мен көрмеген ұзын бойлы біреумен ас үйде арақ ішіп отыр. Дәліздің есігін жауып қойыпты, алдарында бірі орта, екіншісі ашылмаған екі шөлмек арақ, шошқаның майы, туралған нан мен пияз тұр. - Кел, Нұр, танысып қой, мынау біздің көрші, - деп Степаныч мені үйге кірер-кірместен қастарына шақырып алды. - Ал, мына жігіт менің пәтершім, журналист, болашақта Солженицын сияқты жазушы боламын дейді. Бұрын Солженицынның атын естігенім болмаса, бірде-бір шығармасын білмейтін едім, Шолоховқа жала жапқанын естігенмін, сол үшін жақтырмай жүргем. Ал, қазір қайта құрудың дүрілдеп тұрған кезі, жақында ғана бір-екі кітабын оқып шықтым, «Иван Денисовичі» ұнады, басқа кітаптарын қарасам, жазушыдан гөрі хроникашыға көбірек ұқсайды, бірақ фактілерді өз білгенімен іріктеп алады екен, оның өзін біржақты түсіндіруге тырысып, тарихқа бір ғана тұрғыдан қарайтынын байқадым, оның үстіне, осыдан басқаның бәрі теріс деп оқырманға өз көзқарасын таңуға тырысатыны андағайлап көзге ұрып тұрады. - Басқа-басқа, тек Солженицынды атамаңыз, - дедім қонақ жігітпен танысып жатып. Аты Глеб екен, айна таз, басына кепешін киіп алыпты, онысын әлсін-әлсін шешіп, қол орамалымен шекесін сүртіп қояды, орамалы демде шылқып шыға келеді, сығып алады да қайтадан сүртеді, қайтадан шылқиды. Бас терісі айғыз-айғыз, тыртық-тыртық, бейне бір шашын мас адамға алғызып, құйқасын әр жерінен ұстарамен тіліп-тіліп тастаған сияқты. - Коммунист емес пе едің, інішек? Олай болса айып етпе, - деп көлгірси кешірім сұраған болып жатыр. Мен оған шыныммен жауап бердім. - Коммунист тұрмақ, комсомол да болып көргенім жоқ, бірақ, жалпы олардың идеясын қолдаймын, - деп саяси сауатым бар екенін білдіре кеттім. - Бірақ, әңгіме бұл жерде коммунистерде емес, менің Солженицын сияқты болғым келмейтінінде емес пе? - Ал, неге болғың келмейді? - Өйткені, ол отанын сатқан опасыз, оның үстіне, айдай әлемнің алдында Шолоховты қараламақ болған жалақор, батыстың жандайшабы. - Сен кімнің отанын айтып тұрсың? - деп аңқауси қалды Глеб. Осындай сұрақтардан жек көретінім жоқ еді, бұл тақырыпты қозғасаң болды, ұлтаралық қатынасқа келіп бір-ақ тірелесің. Мұны Степаныч та аңғарып қалған екен, әңгіме насырға шаппай тұрғанда дереу араласып, Глебті басып тастады. - Бәріміздің отанымыз бір, сен қитұрқыланбай отыр, - деді ол Глебке. - Ал, мен Солженицынды шетелге кеткені немесе коммунистерді қаралағаны үшін емес, шындықты батыл жазғаны үшін ұнатамын. Оны сол үшін қуып жіберді. Бірақ, оныкі де дұрыс емес, елден кеттім екен деп бас салып жамандай беруге бола ма! Жарайды, бұл әңгімені қояйық. Ал, қызың қайда? Бүгін ертіп келемін деген жоқ па едің? Қожайын айтты екен деп жетектеп әкеле қоятын елпілдеп тұрған қыз қайда, болған күнде де оның келе қоятынына кім кепіл? Әйтсе де кез-келген жағдайға дайын жүргенге не жетсін, Степанычқа қонақжайлығы үшін рахметімді жаудырып-ақ жатырмын. Ол да көңілі шалқып, мұртының шалғысын сипап-сипап қояды. Глебпен танысқаныма қуанышты екенімді білдіріп, өкінішке қарай, ішпеуші едім деп өз бөлмеме өтіп кеттім. Біраздан соң, үйреншікті жәйт қой, екі дос күжілдеп бір-біріне дауыс көтере бастады. Мені көрсе тынышталар ма екен деп темекі тартқан болып далаға шықтым, байқайтын емес. Сирек кездесетін жағдай - Алматының аспаны ашық екен, жұлдыздар самаладай жарқырап тұр. Жел жоқ, бірақ тымырсық деуге келмейді, тау жақтан аздап салқын леп есіп тұр. Сәкіде біраз отыра тұрмасам, бөлменің ауасы қапырық, желдеткішті ашып қойсаң да тек таңға жақын ғана таза ауа келгендей болады, оған дейін пайда жоқ. Екеуінің дауыстары қатты-қатты шыға бастады. Тыңдағым келмесе де естіліп тұр. - Сен Ереванда болып па едің? - деп сұрайды Степаныч. - Болсаң айта қойшы, қай жерден орыс тілінде жазу көрдің? Ә, болған жоқсың ба! Мен болғанмын, бүкіл қалада бір ғана «Россия» деген кинотеатр бар, сонда ғана орыс тілінде кино көрсетіледі, басқа жерден орысша нан сұрап жей алмайсың. Дұрысы, жей аласың, әрине, бірақ сенімен ешкім орысша сөйлеспейді. Бәрі болмаса да көпшілігі орысша біледі, бірақ ешқайсысы сенімен шүйіркелесе кетеді екен деп дәмеленбей-ақ қой. Сондықтан, өзіңнің Қазақстанда тұрғаныңа шүкіршілік ет, Өзбекстанда да ешкім сені бүйтіп басындырмайды. - Басынып не істеппін? - Мен сенің жеке басыңды айтып отырған жоқпын, не деген нақұрыссың! Жалпы орыстарды және орыс болып жүргендерді айтамын. - Тап осы қазағыңның өзінің тең жартысы орыс болып жүр. Соған да біз кінәліміз бе? - Енді кім кінәлі? Егер барлық басшы қызметте орыстар отырса, өздері қазақша бір ауыз сөз білмесе, бұлар не істеуі керек? - Бірақ, бұларға өз тіліңді ұмыт деп талап қоймаған шығармыз? - Қойған жоқпыз! Бірақ, оны екінші сортты тіл деп танып, пайдаланудан шығарып тастадық. - Сен де айтады екенсің! Өзің қалай, осыларға адвокат болып алғаннан саумысың? - Не-ме-не?! Көрмесем де көз алдыма елестетіп тұрмын, қазір Степанычтың екі көзі ежірейіп, мұрты едірейіп шыға келген болуы керек. Мұндайда ол қонақ-қожайын дегенді білмейді, асты-үстін түгел қақтап сыпыртып шығады немесе қолына түскен затпен жіберіп ұрады. Бір тәуірі, онымен ешкім ерегіспейді, мен келгелі қанша рет жанжал шықты, бір-біріне басу айтып, ұрыс-төбелессіз тарасады, әйтеуір. Бірақ, бұл жолы екеуден-екеу отыр, араша түсетін ешкім жоқ. Әлде өзім барсам ба екен? Қой, болмас, онда өзімді, жалғыз мені емес, бүкіл халқымызды сыртымыздан бірі боқтап, бірі жақтап дауласып отырған екеуінің бірі мүлдем құтырынып кетер де ыңғайсыз болып жүрер. - Сен, Глеб, Құдайыңды ұмытайын деген екенсің! - деп ызбарлана түсті Степаныч. - Бірақ, мен ұмытқан жоқпын. Жертөленің терезесі де орнында. Әлде еске алғың келіп тұр ма? - Қойшы, Степаныч, сен де қайдағыны айта береді екенсің. - Глебтің даусы бұл жолы пәстеу естілді. - Жарайды, көп отырып қалыппын, қайтайын. Айыпқа бұйырма, сен де келіп тұрсаңшы. - Мен барармын-ау, ана долы қатының кіргізе қойса! - деп жауап қатты Степаныч. - Мейлі, сөге жамандама. Сау бол. - Ең болмаса есіктің алдына дейін шығарып салмайсың ба? Екеуміз қайдағы бір қазақтарға бола ренжіспейтін шығармыз! - Ренжісеміз! Егер олар туралы осылай сөйлеуіңді қоймасаң, ренжісіп тынамыз ақыры. Сондықтан, мұндайыңды қой. Айтпақшы, Ресейде болып көрдің бе? - Осыны да сұрақ деп тұрсың ба, Степаныч? - Әрине!.. Тоқта, мен саған Мәскеу мен Ленинградты немесе басқа ірі қалаларды емес, кәдімгі ішкі Ресейді, мұжықтар тұратын Ресейді айтамын. Болдың ба сонда? Болып көрдің бе?! Болған жоқсың. Болмай-ақ та қой! Неге екенін айтайын ба? Былай! Біз де ішеміз ғой, бірақ ішіп жүрсек те жұмысымызды істей береміз. Өзімді айтып тұрған жоқпын, әрине, мұны түсінетін шығарсың. Ал, олар қолдарына айлық тисе қашан таусылғанға дейін бүкіл түп-тұқиянымен жабылып ішеді. Жұмыс қалады жайына! Ал, жалқаулығын мен айтпайын, сен сұрама. Бір ғана мысал. Ауласының есігінен үйге дейін, үйден дәретханаға дейін ғана жол бар, жол болғанда да арнайы салмаған, көп жүргесін табанмен тапталып қалған сүрлеу, басқа жердің бәрін түгел арамшөп басып кеткен, соны отау, орнына көкөніс егу дегенді білмейді, білсе де мойны жар бермейді. Ал, басқа жақтан барған адамды тура ата жауындай көреді, бұған қарап, бір-бірімен бауырмал екен деп қалып жүрме, оларды да атарға оғы жоқ, жүрген бір қаныпезер өңшең. Оларды көрсең өзіңнің орыс болып туғаныңа ұяласың. Өз тілін ұмытып, орыс болғысы келіп жүрген басқа ұлттар үшін ұяласың! Ә-әй, Глеб, Глеб… Білмейсің ғой сен! Білмейсің!.. Екеуі бірін-бірі қолтықтап, шайқалақтап ауладан шыға берді. Степаныч келіп мазаны алмай тұрғанда барып ұйықтап қалайын деп мен де үйге кірдім. Е, баяғы жертөленің терезесіне басымен кіріп кететін батырымыз осы Глеб екен ғой! Сұрына қарамай бұл да біреуді кемсіткісі келеді! Ал, Степаныч… Степаныч өмірді білетін адам…                                   *       *                                                                          * Содан кейін көп ұзамай жатақханадан орын тиді де Степанычпен қош айтыстым. Кейде қолым тигенде соғып кетіп жүрдім, сол баяғы тірлігі… Кейін қат-қабат оқиғалар тасқынында талай адам да, талай жәйттер де ұмытылды ғой. КСРО құлады, егемендік алдық, төл ақшамыз шықты, Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болдық, ядролық қарудан арылдық… Содан бес-алты жыл өткеннен кейін бір күні автобустың арт жағынан таныс дауыс естілгендей болды, қазақшаны бұрмалап әзер сөйлеп тұр, тілі күрмелетін сияқты. Бұрылып қарасам, Степаныч, аздап қызу, артқы орында отырған жігітке сөйлеп тұр екен. «Інім, орын берші, мен жалғыз аяқпын, сен жассың ғой, әлі талай отырасың»… Бұл кезде автобуста мас адам ілуде бір ғана кездесетін болған. Бірақ, жігітіміз одан жиіркенген жоқ, кіжінген де жоқ, орнын босатып беріп жатты. Мен келесі аялдамадан түсіп қалдым. 2003ж. Очень плохоПлохоУдовлетворительноХорошоОтлично (1 голосов, средний бал: 4,00 из 5)
Загрузка...