Айгуль Кемелбаева

kemelibaevaПрозаик, литературовед, кинодраматург, эссеист, переводчик, журналист. Дата рождения: 21.03.1965. Место рождения: Восточно-Казахстанская область, Абайский район, село Кундызды Год окончания казахской средней школы - 1982 1984-87 . КазГУ- факультет журналистики 1989-94 г.г. Литературный институт имени М.Горького, Москва Отделение: проза. Специальность – литературный работник. С 2001 года член Союза писателей Казахстана Изданы более 200 литературоведческие статьи, эссе, переводы. Автор 5 книг- проза. Выпущенные книги: «Путешествие в седьмой континент» (1986г.) «Тобылгысай» (2001г.) «Башня» (2003г.) «Сердце Мажнун» (2013г.) "Сөз хикмет" (2016) Фильмы: «Грех», по мотивам рассказа Магжан Жумабаева « Грех Шолпана» Қазахфильм имени Ш.Айманова. Режиссер- Болат Шарип, 2005 г. «Султан Оразалин», документальный фильм, 2013 г. «Сулеймен Ескараев», документальный фильм, 2012г. «Жиембет жырау», документальный фильм, 2014г. Достижения: 1983 по 2015 - лауреат 21 разных литературных премий С 1999 г. неоднократный лауреат Президентских стипендий для писателей. 2000 г. –лауреат Государственной премии для молодежи «Дарын» 2012 - лауреат Международного литературного конкурса имени Виктора Шнитке. Диплом I степени. В номинации «Литературоведческие работы о литературе российских немцев», Россия. 2014 - лауреат международного конкурса «Алтын асық» . Номинация: проза.

Рассказ "Қоңырқаз"

Отрывок

Ганс Христиан Андерсен рухына.

  Үлкен сахна жайлы көкейтесті арманмен қош  айтысуға мәжбүр болған Қаршыға беймаза қаладан тезірек кетуге асығып, қырдағы қойшы ағасы Ақылбайға ағынан жарылып хат жазды. Туған жерге  оралғысы келетінін, некесіз сәби күтіп жүргенін, жанашыр жалғыз туысы  күнәсін кешпей ат-тонын ала қашып, теріс айналса, кіндігі кесілген атамекеннен мүлде безініп, ел-жұртқа масқара қылмай, біржола жоғалатынын қысқа қайырды. Тауда жалғыз үй шошайып,  әйелімен ғана күнелтіп, бір отар қойдан өзге ештеме көрмеген заты момын қойшы не десін,  дереу бойын кернеген тосын сезімдерден аңырап, шын пейілімен ақтарылып,  адаспайтын адам баласы,  сүрінбейтін ат тұяғы болмайтынын мойындап,  қарындасына еш зілі жоғын, ғұмыры аялап жақсы көріп келгенін, ақ сүтпен берілген туысқандық мейіріміне ешнәрсе шіркеу бола алмасын айтып, «қалқам» деп жауап жазды. Ақылбай қойшы құдай бергелі тұрған бөбекті «бауырыма басып алам» деген ойдың өзінен  мастанып, қуанышы қойнына сыймады. Ағасы жазғырса, жақсы ит өлімтігін көрсетпейді деп бекінген Қаршыға көңілі тынып, еліне оралды. Бұл жақта көктем жаз күндеріндей жұмсақ, шуақты еді.  Қойшының қоңыр киіз үйі, жаз жайлауға көшкенде адыр-адыр белдер көмкерген кең даланың жұпар иісі жас әйелдің сағынышын сағымға айналдырып,  бұлдыратып жіберді.  Жиегінде қамысы желкілдеген шағын айна көлдердің күнмен шағылысқан келбетін көргенде өзін байыз таптырмай, бабажұртқа жіпсіз шырмап, қаңбақша айдап әкелген не ғаламат екеніне жабайы түйсікпен  түйсінгені хақ. Қарға адым қашықтықта тізілген шағын көлдердің беті қым-қуыт тіршілікке толды.  Әлем алғаш жаратылған күннен бауыр басқан құс  баласының сан түрін  айтпағанда, кербез аққу қалқыған ақ  айдынның салтанатты шырқын екі аяқты  адам баласы пайда болғанға дейін ешкім бұзбап еді. Ана қаз өз төсінің майда түктерін тұмсығымен жұлып алып,  ұясының түбіне төсейді.  Ол ұя басып отырғанда кей сәт қорек үшін ұша жөнелмес бұрын бұлтиған құс кеудесінен суыртпақтаған  мамықтарымен жұмыртқаларының бетін бүркеп қояды. Ұясына қайта ұшып оралғанша әрі таса, әрі пана. Барлық киімін  бір бұтаның түбіне үйіп, шешініп, салқын судан тайсалмақ түгіл, ішінің кеседей дөңгеленіп жұмырлана  бастаған салмағын қаперіне алмайтын уыздай жас әйел ұзын  шашын төбесіне түйіп тастап, кейде шұбатылған бұрымын жинауға су  арбап асықтырып, бір қолына уыстап жүзіп жөнелетін, әдетте бүйтіп жүзіп кеп шөл қысып судың тұнығын талғап ішетін жыртқыш аң ғана болар. Сонда тәнінің ақтығы көлдің жұмсақ тереңінде жасырынған ақ сазанның күн шалмаған  бауырындай жарқылдап көрінетін. Су перісінен  бар айырмасы – балық құйрығы бітпеген демесе әйелдің таңмен таласар сиқыр шырайына  көктегі күннің алтын сәулелері нұр шашып әлпештеп, тек мазасы қашқан қанаттылар тұқымы  өздері  куә мына  сұлулықтан жерініп, наразылықтарын қаңқылдап, сұңқылдап жария етіп, көлін тастап, үркіп үдере тік көтерілгенде сан қанаттың бір  мезгілдегі қағысы ысқырынып, өкпенің әуенін тудырды. Көлдерге жаяу жалғыз кетіп қалатын Қаршығаның жабайы құс жұмыртқаларына өлердей құмартып, аяғы ауырлығына қарамай жүзіп іздеп, жыл құстары толтырып тастаған  ұяларды үптеп, жұмыртқа ұрлап жеп жүргені қойшы мен әйелінің үш  ұйықтаса түсіне кірмес еді. Жеңсік ас  дегбірін алып,  ақылдан айырған әйел әр ұядан екі жұмыртқа алып, табанда шикідей жұтып жүрді. Қаз-үйрек, бірқазан, қызғыштың жұмыртқасын түсінен танитын. Қанат біткеннің  аруы – аққудың бірнеше мәйегі  көгілдірге айналмай жатып адамзатқа жем болды.  Көлдерден құмары қанып, құрбанын шалып рахаттанып оралады. Кейде жеңгесі сөзге сараң Қаршығаның көзі  мұнарланып, түлкі алған  бүркіттей қомданып, әлденеден асып-тасып шала мас көрінетін тым бақытты бейнесіне қайран қалып, алай-түлей сезімін айтпаса да ұғып, онысын ауық-ауық жұтатын бал қымыздың буынан деп жорамалдап жүрді. Көбелек қуып, желмен жарысатын жалаңаяқ балалық шақта кішкене қыз обал дегенді түйсінді ме екен, өзге балалар қармақ салып балық аулап, шортан аңдыған мәз-мейрам кезде алыс жүзіп ұя іздейтін. Бәлкім,  ауылдастары өскен соң аңызға лайық даусы бар ұлы әртіс болады деп сұқтанған үмітті тасталқан ғып өнер өлкесінен қатал жұлып тастаған беймәлім күш – сол күнәсіз құстардың қабық астындағы уыз қарғысы болар, кім білсін. Аға-жеңгесі күн ұзаған сайын тәубесіне түсіп, тәтті үмітпен малданып жүрген күздің күндері қойшының көне киіз үйінде дүниеге қыз бала келді. Нәресте анасын  қинамады десе де болады. Тап бір құс жұмыртқалай салғандай топ етіп оңай туды. Иттеріне айқайлап қойып қой қайырып жүрген Ақылбай қойшы қас қарая үйіне  таянғанда оңтүстікке топ-тобымен ұшып кетіп жатқан құстардың өзгеше үн  шығарып, жапан далада шоқиып жеке тігілген өз түтінін бір айналып барып кетіп жатқанын көргенде қайран қалды. Қоңыр қаз қаңқылдап түндіктен үңілгісі келгендей шаңырақты бауырлап ұшып, ұзақ сапарға жөнеп берді. Керуен тартуды түйелі қазаққа үйреткен тырналар алақандай адам тұрағының төбесінде құрметпен төңкеріліп, тыраулап олар кетті. Ақылбай қойшының тірі жанға қастығы жоқ дархан жүрегін бір жұлқып, ақ көңілін елжіреткен аққулар болды.  Жібек қанатты көрікті құстардың сызылған қоштасу әні неткен сазды еді. Қазақ үйді бірнеше айналып қимай ұшқан да солар еді. Қулық – сұмдықтан ада қарапайым қойшының ойына табиғаттың мына жұмбағын өзгеше жорып, үрейлену де келмеді. Атамекеннен түу алысқа, мұхиттарды аңсап бетке алып ұшуға тиіс жыл құстарын көзіне жас алып, ыңылдап әндеткен «әудемжерін» үзіп алып аңырып, кері аман  оралуын тілеп, шығарып салды. Атын байлап үйіне кірген қойшы  нәресте береріне тәңірге алғысын үнсіз жаудырып, елжіреп күтіп жүрген жиенін көргенде, қандай қуанды десеңізші. Жаялыққа оралып көзі жұмулы жатқан  қуыршақтай қызылшақа нәрестені еппен күс-күс қолдарына алып сүйсініп қарай берді. Мейірімі  көзінен  боталап төгілген жеңгесі жаңа туған балаға азан шақырып, құлағына үш рет айқайлап, Хорлан деп ат қойды. Бала қырқынан шыққанда Қаршыға қызынан құдай болмаса адам айырмасын түсінді, бөбекті иемденіп,  айналып-толғанып, бақыттан мүлде жасарып кеткен аға-жеңгесін аямасқа бекінді. Жазғытұрым сай-сала суға малшынған тұста, кішкене қыз алты айлық болғанда болар-болмас білінген арқасындағы қос шеміршек ептеп өсіп қалғандай еді. Әйтседе сахнада үні жұтылып, талып құлағаннан бері ештемеге селт етпейтін Қаршыға бұл ерекшелікті елемеді десе де болғандай. Сәби еңбектеуге жарағанда сорлы қойшыға қарындасы ауылға барып жұмыс істейтінін, қызын берсе жүрегі қоса жұлынарын мәлімдеді. Көңілмен иемденіп  балақанды ерен  жақсы көріп үлгерген Ақылбай қойшы мен оның мұңлық әйелін бұл сөздер  аязша қарыды. Бірақ екеуі өкініш пен өксікті  жасыруға шамалары жетіп бас  изесті.  Көнбегенде не істемек. Көркі ерекше қарындасы күйеуге шығуды көздеп, баласын өз еркімен береді деп күткен қойшы өмірдің ащы шындығымен бетпе-бет келіп, жасып, күрсініп жүріп ауылдан  екі бөлмелі үй алып, Қаршығаны  көрпе-жастығын, еншісін беріп көшіріп салды. Мектепке музыка пәнінен мұғалім боп орналасқан Қаршыға қызынан бөгде игілік бар-ау деп тілемеді, бөтен адамдарды көрсе де  байқамағандай еді,  селсоқтанып селт етпейтіні сонша тәңірдей табынған баласының бүкір болу қаупіне де мән бермеді. Бозбала қауым бір көргеннен естен тана ғашық болар көркі бар, той-думанда, қыз қууда ерен  арғымақпен құйындатып шапқанда аруағы асып, жүзі бал-бұл жанып, атқа кәнігі  шабандоздардай тік отыратын, қуған жігіт жете алмаса жеген қамшысына риза ару. Қаршыға, ән салғанда сүйсінбейтін  жан қалмайтын өнерпаз Қаршыға ел-жұртына жағасын ұстатып, жолдан тапқан мүгедек қызымен моп-момақан өмір сүрді. Хорлан төрт жасқа толғанда астауда шомылдырып отырған анасы бір түнде шеміршектің ұшы  күлтеленіп құстың баласыныкіндей шоп-шолақ кішкене қос қанатқа  айналғанын көріп шошып кетті. Сүйікті ағасына қимағаны, қызынсыз бір сәт тұра алмайтын қасиеті тегін болмады.  Жасаған ием әлденені алдын-ала  сездірген  екен. Даусынан айрылғалы дүниенің өзге қызығынан безіп, сопы тәрізденіп жұпыны тірлік кешкен әйел о баста біраз үрейленсе де, артынша бұл тылсым белгіге ми қатырып тереңдеп мән беріп жатпады, тек бар болғаны «балапанымды адамдардың жауыздығынан қорғауым керек, оның қанатты адам екенін тірі жан сезбеуі тиіс» деп түйді. Бұл кезде Ақылбай қойшының шаңырағына бақыт құсы қонақтап еді. Он үш жыл зарығып күткен балаларын кезек  құшақтап, сүйіп отырып пейілі кең қойшы қарақат көз титімдей үркек жиенін жаны елжіреп еске алатын, ықыласы соған ауып, есі кетіп сүйгенін қабыл алып, ескеріп, құдай да мені ұрпақсыз құр қоймады деп ұқты. Тіпті Хорланды туған балаларынан артық көргені рас. Екінші класта оқып жүріп Хорлан бүкір деп мазақтаған тұстас балаларға өкпелеп мектепке бармай қойды. Қызының болашағын ойлаудан зәресі ұшатын Қаршыға бұл қыңырлыққа  көз жұмбайлықпен келісе салды. Сегіз жасар қыз бала ұзақты  күн үйден шықпай отыратын, кәдімгі балаларға тән ойынқұмарлық деген онда атымен болмады. Күміс тозаңды құс жолы мен түпсіз тұңғиық ғарыш әлемін жадына алса сарыүрпек  балапаны  қанаты қатайғасын бір күн қан жылатып ұшып жоғалатыны, өзінен мәңгілік алыстап, қиял жетпес қиянға шырқап кетуі әбден мүмкін-ау деген қатігез ойдан санасы сарғайған музыка пәнінің оқытушысы бейбақ ұрпағына  көңілін бөліп алдандыратын ғажап бір іс тауып бермек боп, басы қатты. Кітаптың құдіретті  күші адамға апиынша әсер ететінін  білетіндіктен де оқыс іске  жетелер деп үйіндегі қағаз атаулыны құртты. Әрі кішкене  Хорлан әзер хат танитын, оның оқуға құлқы жоғына анасы  қуанбаса ренжімеді. Жұрт қатарлы  телевизор алуды да  ойламады. Сиқырлы қорапша қызының жарымжан көңілін астан-кестен қылмақ түгіл өзінің есіне қайдағы-жайдағыны  салып мазалайтын. Әйел бір күн қызының пластелиннен неше  түрлі мүсін жасап, тізіп қойғанын көргенде жүрегі жарылардай  қуанды. Сол-ақ екен, пластелин қорабын тау ғып үйіп тастады.  Титімдей  қыз ойыншық бейнелерді бар ынтасын төгіп шебер  және құдайдың құдіретімен тек қана құс мүсіндерін жасайтынына  анасы мән беріп жатпады. Жылына екі рет  таудан түсіп  қарындасының үйіне соғып кететін Ақылбай қойшы алғашында тәтті мен қымбат ойыншық атаулыны үйіп-төгіп әкеп жүрді де, артынан құртымдай жиенінің ерен мүсіншілік өнері барын аңдап, саз балшық тауып беруге құмартты. Әлгі оқиғадан соң қарапайым мектеп мұғалімінің шағын екі бөлмесі өзінше бір музейге ұқсап кетті. Айнытпай  жасалған түрлі-түрлі құс мүсіндері кереуеттің астында да шүпірлеп  толып отыратын. Столдың үстін тұғыр етіп, қаздай тізілген  қанаттылар отряды басты, әрі-беріден соң балшық құстардан үйде аяқ басар аттам жер қалмады. Қара шашын орамалмен  тарс байлап тастаған Қаршыға класта қүйсандық тартып, я болмаса нота үйретіп жатқан кезінің өзінде де есінен адамзаттан өзгеше жаралған сәбиін бір сәт  шығармайтын. Бір күні бұлардың көрші де аттап баспайтын   тым-тырыс үйіне әлдеқалай Қаршығаның әріптесі Еркежан келе қалды. Очень плохоПлохоУдовлетворительноХорошоОтлично (7 голосов, средний бал: 4,57 из 5)
Загрузка...